top of page
カザフスタン

Жапон мәдениеті

ЖАПОН ӨНЕРІ

Жапон өнері туралы сөз болған кезде «ваёка» деген термин жиі қолданылады. Нара дәуірінен кейін Қытай және Корей түбегі сияқты сырт елдерден енген мәдениетті жапон қоғамы мен жапондардың жан дүниесіне ыңғайлап жапонша бейімдеу, жапонша бояу қосу дегенді білдіреді. Шет елдің мәдениетін белсенді түрде қабылдап, оны жапондардың ыңғайына, талғамына сай өзгерту деген нәрсе біраз уақыт қайталанып келді. Арасында Хэйан дәуірі, өзге әлемнен оқшауланған Эдо дәуірі сияқты кезеңдерде жапонның өзіне тән ерекше мәдениеті гүлденген, дамыған кездер де болды. Жалпы қарайтын болсақ, Жапонияның басқа елдің мәдениетін қабылдап, оны өз ерекшелігіне сай өзгертіп отыру процесінің қайталануы барысында жапон өнерінің өзіндік ағымы пайда болды десек болады. Нәзік эмоциялар мен мұң, жылдың төрт мезгілінің өзіне тән ерекшелігіне терең бойлайтын жапондардың табиғатқа деген көзқарасы, ұсақ-түйекті қадірлей білетін рух деген сияқты дүниелер жапон өнерінің тамырында жатса керек. 

Жапон өнері туралы өнер тарихы тұрғысынан емес, оның мазмұны тұрғысынан айтсақ, Жапонияға келген шетелдіктерге жапон мәдениетін бағалауға үлкен көмек болар деген ойдамыз.

日本の美術
仏像の見方
Будда мүсіндері

Жапонияға қыдырып келген көптеген шетелдіктер бір рет болса да буддистік храмға барып көреді. Тіпті олар буддизмге қызықпаса да, басым бөлігі міндетті түрде бір-екі храмға барып көреді. Осылай болуы да заңды. Өйткені Жапонияда буддистік храм өте көп. 2020 жылғы жүргізілген санақ бойынша елде 55 852 минимаркет болса, буддистік храмдардың саны 77 042 болған. Ал синтоистік храмдардың саны тіпті 86 648 екен. Қалай болғанда да, буддистік храмдар күнделікті керек заттар сатылатын дүкендерден көп. Сондықтан да туристік орындарға айналған ұлт жауһары деңгейіндегі атақты храмдарға бармаса да, Жапонияға жұмыспен келген шетелдіктердің өзі мың сан жұмысының арасынан уақыт тауып, жақын маңдағы шағын храмға кіріп шыға алады. Солай барғанның өзінде, ондағы Будданың мүсінін көріп, қатты әсер алады, түрлі қарапайым сұрақтардың жауабын білуге ұмтылады.  

Шындығында буддизм өнері мен Будда мүсіндерін жасау өнері жапон өнерінің үлкен бір бөлігін құрайды. Төменде Будда мүсіндерін жасау өнеріне қатысты шағындап жүйелеп айтсақ дейміз.

Жапонияда аттары түрліше Будда мүсіндері көптеп кездеседі. Оларды негізінен төрт түрге бөлуге болады.
① Нёрай (Татхагата)
② Босацу (Бодхисаттва)
③ Тен (Дэвараджа)
④ Мёо (Видья-раджа)

Бұдан басқа да атақты монахтардың мүсіндері бар. Негізінен жоғарыда аталған Будда мүсіндерінің төрт түрінің мәнін ұғып, оларды ажырата алатындай болсаңыз, Будда мүсінін бірден-ақ етене жақын сезіне аласыз.

Келесі түсіндірме Киото ұлттық мұражайының веб-сайтынан алынған.   Сайтқа өту

Нёрай

Нёрай (Татхагата) дегеніміз жүрек көзі ашылып, әулиелікке жетіп, ақиқатты таныған адам дегенді білдіреді. Сондықтан олар сәнді дүниелерден аулақ болып, үстіне барынша қарапайым киім киеді. Шашын айналдыра дөңгелектеп түйіншек-түйіншек қылып буып қоятындары да бір ерекшелігі болып саналады.

Танымал Татхагаталардың қатарында «Шяка Нёрай», «Якуши Нёрай» және «Амида Нёрай» т.б. бар. Алайда күнді Буддаға айналдырған «Дайничи Нёрай» барлық Буддалардың ішінде ең жоғарғы қал тапқан жан ретінде қарастырылып, Татхагаталардың ішінде де ең жоғарғы дәрежеге ие деп есептеледі. Сондықтан ол бодхисаттвалар секілді бағалы сәнді бұйымдар тағып жүреді.
 

Буддизмнің негізін Үндістанда Шакьямуни қалаған. Ол 2500 жылдай бұрын өмір сүрген, шынайы өмірде болған адам. Гаутама Сиддхартха есімді үнді ханзадасы болған. Алайда жүрек көзі ашылып, әулиелікке жеткен соң, оны «Будда» деп атап кеткен, яғни бұл «рухани оянған» дегенді білдіреді. Оны мына дүниеде жүрек көзі ашылған жалғыз тірі жан деп санайды.
«Якуши Нёрай» – ең танымал Буддалардың бірі. Адамдарды ауру-сырқаудан жазатын, тамақпен, киіммен және баспанамен жарылқайтын, былайша айтқанда, жан саулығы мен тән саулығын қорғайтын Будда. Ол сол қолына дәрі салынған құты ұстаған, мына өмірде адамдардың тілегін орындап, жүрегіне тыныштық сыйлайтын әулие ретінде суреттеледі. Оның оң қолын қай кезде де адамдарды қасірет пен үрейден арылтуға дайын тұр деп есептейді.
 

«Якуши Нёрай» адамдарға осы дүниеде тыныштық алып келсе, «Амида Нёрай» адамдарға ана дүниеде тыныштық, шексіз нұр мен мәңгілік өмір сыйлайтын Будда ретінде үлкен құрметке ие. Ол елдегі храмдардың жартысынан көбінде басты бейне болып есептеледі. «Наму Амида Буцу» деп қайталаған кез келген адамды ана дүниеде Таза әлемге жібереді деп сенгендіктен, жұрт оған көп табынады.

カザフスタン日本シルクロード協会 | カザフスタン
Тодайджи храмындағы Будда мүсіні («Нарадағы Үлкен Будда» деген атпен танымал)
Суретті мына сайттан көре аласыздар.  ➡Сайтқа өту

Жалпақ жұртқа «Камакурадағы Үлкен Будда» ретінде таныс, Котокуджи храмындағы ұлттық жауһар саналатын Будданың үлкен мүсіні – бұл Амида Нёрайдың мүсіні.

Якуши Нёрайдың әдемі мүсіндерін де бүкіл Жапониядан кездестіруге болады, соның бірі Шикоку аралындағы Кагава префектурсындағы Дзенцуджи храмының ең басты мүсіні болып табылады. Дзенцуджи храмы Шингон сектасының негізін қалаған Кобо Дайши Кукай дүниеге келген жер деп айтылады.

カザフスタン日本シルクロード協会 | カザフスタン
Дзэнцуджи храмындағы Якуши Нёрайдың мүсіні (сурет жеке коллекциядан алынған)

Бодхисаттва

Бодхисаттва – әулиелікке жету үшін ілім оқып, ізденіп жүрген адам. Әлі де әулиелікке жетпегендіктен, сырға, алқа сияқты алпыншақ-салпыншақ әшекейлер тағып жүретіні олардың ерекшелігі саналады. Шакьямунидан кейін «Будда» болатын болашақтың Буддасы «Бодхисаттва Майтрея» еді. Бұл дегеніміз Шакьямунидың ізбасары деген сөз. Ол Шакьямуни қайтқан соң 5,67 миллиард жыл өткеннен кейін осы дүниеге келіп, cоның орнына адамдарды құтқарады-мыс. Ал оған дейін бодхисаттва ретінде ілім оқып жүр. Терең ойға шомғандай саусағын жағына сүйеп отырған ерекше әлпеті соны меңзейді.

Бодхисаттвалар ішінде Бодхисаттва Каннон и Бодхисаттва Джидзо дегендер де бар. Олар әулиелікке жету үшін ілімдерін жетілдірумен қатар, адамдарды құтқару міндетін өз мойнына алған. Сондықтан ба екен,олардың бейнесін көп жағдайда бір аяғын алға жіберіп жүріп келе жатқандай етіп береді.
 

Бодхисаттва Каннонның негізгі міндеті – осы дүниедегі адамдардың қасіреті мен көңіліндегі алаңын тыңдап, бірден көмек беру. Үлкен жанашыр жүрегімен адамдарды емдейтін осы Бодхисаттва Каннон.
 

«Бодхисаттва Джидзо» – адамдардың орнына өзін қою арқылы оларды азаптан құтқаратын бодхисаттва. Шакьямуни қайтқаннан кейін Бодхисаттва Майтрея жер бетіне Татхагата ретінде келгенге дейінгі Будда жоқ аралықта адамдарды азаптан сол құтқарады деп есептейді. Шын жанашыр жүрекпен, қамқор көңілмен адамдарды құшағына алу арқылы азаптан құтқару оның негізгі шаруасы болып саналады. Буддизм іліміне сәйкес, адамдар өлгеннен кейін қайта тірілетін алты әлем бар деп есептеледі. Соның қайсында да азап бар деп айтылады. Соның бәрінде Бодхисаттва Джидзо қол ұшын созып, адамдардың азабын өзіне қабылдап, оларды азаптан құтқарады деп санайды. Әдетте ол монах немесе бала-монах кейпінде бейнеленеді. Сонымен қатар, ол тозаққа түскен адамдарды құтқарушы бодхисаттва ретінде де елге аян. Оған балалардың жебеушісі, жерді бәле-жаладан қорғайтын күш деп те сенеді.
 

Бодхисаттва Майтреяның ең танымал мүсіні еш даусыз Киотаның Корюджи храмындағы мүсін болып есептеледі. Неміс философы Карл Ясперс осы мүсінді көріп, «адам болмысының ең керемет бейнесі» деп айтқан дейді. Осы арада Бодхисаттва Майтреяның бұл мүсініне қатысты қызық бір оқиғаны айта кетсек. 1960 жылдың 18 тамызында Киото университетінің бір студенті мүсінге қол тигізген кезде, мүсіннің оң қолының бір саусағы (шылдыр шүмегі) сынып қалыпты. Қаншалықты рас екенін кім білсін, «Бодхисаттва Майтреяның мүсіні керемет болғаны сонша, мен оған қол тигізбей тұра алмадым» депті студент. Сынған саусақ толығымен жөнделіп, қалпына келтірілген. Қазір оның сынған жерін жәй ғана қарап айыру мүмкін емес.

カザフスタン日本シル�クロード協会 | カザフスタン
Бодхисаттва Майтреяның мүсіні (Хокан Мироку)
Суретті мына сайттан көре аласыздар. ➡Сайтқа өту

Мұнан бөлек, бір де бір адамды назарынан тыс қалдырмай құтқаруға бар күшін салатын, Бодхисаттва Каннонның шексіз жанашырлығын көрсететін мың қолды Бодхисаттва Каннонның мүсіні де өте танымал. Ішінде Киотоның Ренгеоин храмының Санджюсангендо залындағы «он бір дидарлы, мың қолды, мың көзді Кандзеон Бодхисаттва» деп аталатын Каннонның мың мүсіні керемет туынды болып есептеледі.

カザフスタン日本シルクロード協会 | カザフスタン
Санджюсангендодағы он бір дидарлы, мың қолды, мың көзді Кандзеон Бодхисаттва мүсіні
Суретті мына сайттан көре аласыздар.  ➡Сайтқа өту

Бодхисаттва Джидзоның мүсіндері ішінде ең танымалы – Нарадағы Хорюджи храмының Дайходзоин залындағы Бодхисаттва Джидзоның түрегеп тұрған мүсіні. Ұлттық жәдігер болып есептелетін Будда мүсіні өте көп, бірақ ұлттық жәдігер саналатын Бодхисаттва Джидзо мүсіні тек Хорюджи храмындағы мүсін болса керек.

カザフスタン日本シルクロード協会 | カザフスタン
Хорюджи храмындағы Бодхисаттва Джидзоның түрегеп тұрған мүсіні
Суретті мына сайттан көре аласыздар.  ➡Сайтқа өту

Егер сіздер Жапонияның ауылдық жеріне барсаңыздар, Бодхисаттва Джидзоның қызыл көкірекше мен қызыл телпек киген мүсінін кезіктіресіздер. «Балаларды қорғайтын құдай» деп сенетіндіктен, адамдар «балаларымыз дені сау болып өссін» деген ниетпен оған көкірекше атайтын болған деседі. Қызыл түс жын-сайтанды қуады деген түсінікпен көкірекшенің түсін қызыл қылған көрінеді.

カザフスタン日本シルクロード協会 | カザフスタン
Никкодағы Канмангафучи: жағалай тізілген Джидзо мүсіндері
Суретті мына сайттан көре аласыздар. ➡Сайтқа өту
カザフスタン

​Қазақстан-Жапония

Жібек жолықауымдастығы

Контактілер

Хатшылық мекен-жайы

Sanei Building 3F, 5-23-7 Shimbashi, Minato-ku, Tokyo 105-0004

Телефон нөмірі

ТЕЛ: 03-3432-2250      ФАКС: 03-6809-2292

bottom of page