
Қазақстан мәдениеті
ҚАЗАҚ ӨНЕРІ
Қазақстандағы ең көне өнер туындылары – палеолит және неолит дәуірлеріне жататын тасқа салынған суреттер. Олар Қаратау, Қантау, Жасыбай, Зайсан сияқты тау-көлдердің жартастары мен үңгірлерінде кездеседі.

Қаратау тауындағы тасқа салынған суреттер. Б.з.д. 2000 жылдар шамасы.
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Тасқа салынған ежелгі суреттердің жақсы сақталғаны және ең танымалы Алматыдан 120 км және 170 км қашықтықта орналасқан Тамғалы археологиялық ландшафтындағы суреттер. Бұл жер 2004 жылы Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енген. Адамдар мен аңшылық көріністерді бейнелейтін тастағы суреттер әртүрлі дәуірдің қабаттарына салынғанымен ерекшеленеді. Суреттерде сиыр, бұғы, жабайы қабан, қасқыр және жылқы сияқты жануарлар бейнеленген. Суреттерден аң аулау басты тақырып болғанын көруге болады. Сондай-ақ, балта мен таяқ ұстаған аттылар мен жаяу әскерлер, малшылар, аң терісін жамылған жыртқыштар, бастарында ореол таққан құдайлар сияқты антропоморфтық фигуралар мен қиялдан туған жануарлар да көп кездеседі.

Тамғалы археологиялық ландшафтындағы діни рәсімдерді бейнелейтін жартастағы суреттер
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту

Тамғалы археологиялық ландшафтындағы жартастағы сурет
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Ортағасырлық кезеңдегі материалдық мәдени мұраға сырланған қыш ыдыстар, қару-жарақ, ат әбзелдері жатады. Таразда арыстан бейнеленген тақтайшалар (Х-ХІІ ғғ.), ал Сарайшықта осы кезеңге жататын тауыс бейнеленген қыш ыдыстар (XI-XV ғғ.) табылған. Көшпелілер киіз үйдің ішін, тұрмыстық бұйымдарын, киім-кешектерін безендіру үшін өсімдіктен алынған бояуларды кеңінен пайдаланған.
Қазақтардың алғашқы «кәсіби суретшісі» деп Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановты (1835-1865) айтуға болады. Ол саяхаттап жүріп, қазақтар мен қырғыздардың тарихын, мәдениетін зерттеп, күнделігіне адамдар мен табиғатты, сол кездегі халықтың жағдайын бейнелейтін құнды жазбалар мен эскиздер көп қалдырған. Оның орыс әдебиетінің хас шебері Достоевскиймен жақын дос болғаны да белгілі.

Уәлихановтың салған суреті «Сырымбет ауылы»
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Сондай-ақ, Андрей Горонович (1818-1889) пен Василий Верещагин (1842-1904) сияқты орыс суретшілері де қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, өмір салтын, қазақ жерінің табиғатын бейнелейтін суреттер салып қалдырған.

Верещагиннің «Алатау тауының жолдарындағы көшпелілер» картинасы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Қазақ кескіндемесінің дамуындағы ерекше маңызды тұлға, өз картиналарында қазақ өмірін жарқын бейнелеген Николай Хлудов (1830-1935) болды. Ол Қазақстандағы сурет өнер мектебінің негізін қалаушы ретінде де белгілі. Оның алғашқы шәкірттерінің ішінде Қазақстанның халық суретшісі, өнер қайраткері Әбілхан Қастеев (1904-1973) болды. Қастеевтің нәзік, лирикалық акварельдері мен қайталанбас сюжеттік шығармалары қазақ өнерінің тарихында ерекше орын алады.

Хлудовтың «Жас аңшылар» картинасы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту

Қастеевтің «Түркістан-Сібір темір жолы» картинасы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
1930 жылдардың ортасында қазақтың дарынды суретшілері көбейіп, отандық өнер әлемі байи түсті. 1940 жылы өткен қазақ суретшілерінің бірінші бірлескен съезі қазақ кескіндеме тарихының жаңа кезеңін ашты. Кескіндемешілер шығармашылығында халықтың жетістіктері мен ерлігі тақырыбына арналған шығармалар маңызды орын ала бастады, тарихи жанр дамыды. Осы кезеңдегі танымал суретшілер ретінде Кәміл Шаяхметов (1928-1995) және Молдақмет Кенбаев (1928-1995) сынды суретшілерді атауға болады.

Шаяхметовтың «Жеңімпаз» картинасы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту

Кенбаевтың «Асауға құрық салу» картинасы
Осы кезде Қазақстан бейнелеу өнерінде портрет жанры да жақсы дамыды. Бұл жанрдың көрнекті өкілдерінің бірі Нағымбек Нұрмұхаммедов (1924-1986) болды.

Нұрмұхамедовтың «Қастеевтің портреті» туындысы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Қазақ суретшілері пейзаждық және жанрлық картиналарға да көптеп көңіл бөле бастады. Әубәкір Исмаилов (1913-1999) романтикалық пейзаждық кескіндеме стилін керемет меңгерген суретшілердің бірі болды.

Исмаиловтың «Қызғылт тау» картинасы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Екі елге де ортақ, қазақ және өзбек суретшісі Орал Таңсықбаев (1913-1999) ықшам лирикалық тақырыптардан алшақтап, керемет панорамалық пейзаждар сала бастаған алғашқы суретшілердің бірі болды.

Таңсықбаевтың картинасы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
1950 жылдары Қазақстанда натюрморт жанры қалыптасты. Салихдин Айтбаев (1938-1994) өнер алдында тұрған қиындықтарды еңсеру үшін жаңаша көзқарас ұсынады. Айтбаевтың картиналары қарапайымдылыққа, ұлылыққа, руханиятқа және туған өлкенің табиғатымен үйлесімділік сезіміне толы.

Айтбаевтың «Бақыт» картинасы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Қазақ Модильяниі атанған Шаймардан Сариев (1937-1988) қазақтың ұлттық болмысы мен бірегейлігін өз өнерінің арқауы етіп алды. Ол қашанда ұлттық ерекшелікті жоғары қойып, «Қазақ стилін қолдануымыз керек», «Қазақ стилінде сурет салуымыз керек» деген сөздерді жиі айтып, сол кездегі социалистік реализмнің негізгі талаптарын батыл түрде жоққа шығарды. Түс, композиция және пішінге қатысты әртүрлі батыл тәжірибелерге барды. Еуропалық модернистік көзқарасына байланысты, оны Модильянимен жиі салыстырады. Алайда Сариевтің туындыларының этникалық бояуы қанық және олар қазақ мифопоэтикасымен тығыз байланысты болды.

Шаймардан Сариевтың «Адам портреті» туындысы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Қазіргі суретшілердің шығармаларынан түрлі стильдер мен бағыттарды көре аламыз. Қазақ суретшілерінің туындыларынан өз дүниетанымын суреттейтін дәстүрлі элементтерді, ерекше этникалық дизайнды, қазіргі өнер әлемінде бар әдіс-тәсілдерден ада, өзіндік жол ұсынған түрлі бағыттарды байқауға болады. Қазіргі қазақ суретшілерінің шығармашылығындағы осындай алуан түрлілік, жан-жақтылық көз қуантады.

Қазақстан-Жапония
Жібек жолықауымдастығы