top of page

​Kazakhstan-Japan Silk Road Association

ҚАЗАҚСТАН-ЖАПОНИЯ ЖІБЕК ЖОЛЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖАРҒЫСЫ

ҚАЗАҚСТАН-ЖАПОНИЯ ЖІБЕК ЖОЛЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖАРҒЫСЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1-бап. Атауы

Жапон тілінде: カザフスタン・日本シルクロード協会.
Қазақ тілінде: Қазақстан-Жапония Жібек жолы қауымдастығы.
Орыс тілінде: Казахстанско-Японская ассоциация Шелкового пути.

Ағылшын тілінде: Kazakhstan-Japan Silk Road Association.

Қысқарған атауы: シルクロード協会 (Жібек жолы қауымдастығы; Ассоциация Шелкового пути; Silk Road Association).

 

2-бап. Кеңсесі

Ұйым келесі мекенжайларда орналасқан: 145-0071 Жапония, Токио, Ота-ку, Денъен-тёфу, 1-33-21 және 050035 Қазақстан, Алматы, Жандосов көшесі, 55.

2-тарау. Мақсаты мен қызметі

3-бап. Мақсаты

Аталмыш Қауымдастық Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынасты тереңдету үшін екі ел арасындағы мәдениет, туризм, бизнес және ғылыми-зерттеу салаларындағы халықаралық байланысты ілгерілету және дамытуға атсалысуды мақсат тұтады.

 

4-бап. Қызмет түрлері

Аталмыш Қауымдастық алдыңғы баптағы мақсатқа жету үшін төмендегідей қызметтермен айналысады:

(1) Жапония мен Қазақстанға барып көрген кісілер мен екі елдің мәдениеті, тарихы, туризмі, спорты, медицина қызметі, бизнесі және т.б. салаларына қызығушылық танытатын немесе оларды зерттеп жүрген жандарға қолдау көрсету.

(2)Қауымдастық мүшелеріне Жапония мен Қазақстанға саяхат жасау мүмкіндігін ұсыну немесе осы мәселе бойынша көмек көрсету.

(3) Қауымдастық мүшелеріне шетелде, яғни Жапония мен Қазақстанда білім алу мүмкіндігін ұсыну немесе осы мәселе бойынша көмек көрсету.

(4) Қауымдастық мүшелеріне Жапония мен Қазақстанда жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсыну немесе осы мәселе бойынша көмек көрсету.

(5) Қауымдастық мүшелеріне Жапония мен Қазақстан компанияларында тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұсыну немесе осы мәселе бойынша көмек көрсету.

(6) Қауымдастық мүшелеріне Жапония мен Қазақстанда халықаралық ғылыми байланыс орнату мүмкіндігін ұсыну немесе осы мәселе бойынша көмек көрсету.

(7) Қауымдастық мүшелеріне Жапония мен Қазақстанның көрікті жерлеріне саяхат жасау, мәдениетімен танысу сияқты мүмкіндіктер ұсыну немесе осы мәселе бойынша көмек көрсету және т.б.

3-тарау. Мүшелер

5-бап. Мүшелік түрлері

Қауымдастыққа жеке тұлғалар және заңды тұлғалар мүше бола алады.

 

6-бап. Мүшелік

Қауымдастыққа мүше болғысы келетін кез келген адам арнайы үлгідегі өтінішті толтырып, төрағаға немесе төрағаның орынбасарына жолдауы керек.

 

7-бап. Кіру жарнасы және мүшелік жарна

Қауымдастыққа кіру, сондай-ақ оған мүше болу тегін.

 

8-бап. Ұйымнан шығу

Қауымдастықтан шыққысы келген адам арнайы үлгідегі өтінішті толтырып, төрағаға немесе төрағаның орынбасарына жолдап, кез келген уақытта ерікті түрде шыға алады.

4-тарау.  Жауапты басшылар

9-бап. Жауапты басшылар мен кеңесшілер

9.1. Бұл ұйымда төмендегідей жауапты басшылар тағайындалады:

Директор – 5 адамнан 20 адамға дейін;

Аудитор – 1 адам.

9.2. Директорлардың 1-уі төраға, 2-уі төрағаның орынбасары, 1-уі президент, 1-уі вице-президент болып тағайындалады.

9.3. Төраға президенттің де қызметін атқара алады.

 

10-бап. Жауапты басшыларды сайлау

10.1. Директорлар мен аудитор төраға және төраға орынбасарының келісімімен сайланады. 

10.2. Әр жауапты басшының зайыбы немесе туыстықтың үшінші дәрежесіне дейінгі туысы басшылық құрамына сайланатын болса, ол біреуден аспауы керек немесе сол басшы мен туыстарының (зайыбы немесе туыстықтың үшінші дәрежесіне дейінгі туысы) саны жауапты басшылардың жалпы санының үштен бірінен аспауы керек.

10.3. Аудитор қауымдастықтың директоры немесе қызметкері бола алмайды.

 

11-бап. Жауапты басшылардың міндеттері

11.1. Төраға мен Президент Қауымдастықтың атынан сөйлейді және оның қызметін бақылайды. 

11.2. Директорлар Директорлар кеңесін құрайды және осы Жарғының ережелері мен Директорлар кеңесінің шешімдері негізінде Қауымдастықтың қызметін жүзеге асырады.

11.3. Аудитор келесі міндеттерді орындайды:

1) директорлардың өз қызметін қалай атқарып жатқанын тексереді;

2) Қауымдастық мүлкінің жай-күйін тексереді;

3) директорларға Қауымдастық қызметінің, сондай-ақ мүлкінің жай-күйі туралы өз пікірін білдіреді немесе Директорлар кеңесін шақыруды талап етеді.

 

12-бап. Жауапты басшылардың өкілеттік мерзімі

Жауапты басшылардың өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Алайда оларды  қайта тағайындауға да болады.

 

13-бап. Бос орындарды (вакансия) толтыру

Егер директорлар немесе аудитор лауазымдарының үштен бірінен астамы бос болса, олар дереу толықтырылуы керек.

 

14-бап. Жауапты басшыларды қызметтен босату

Жауапты басшы келесідей жағдайларда төрағаның, төраға орынбасарының және президенттің келісімімен орнынан босатылуы мүмкін. Бұл ретте шешім шығармас бұрын сол адамның өзіне жағдайын түсіндіруге  мүмкіндік беру керек.

(1) Психикалық немесе дене кемістігіне байланысты өз міндеттерін орындай алмайтыны анықталған жағдайда;

(2) Қызмет барысында өз міндеттерін орындамаған жағдайда және жауапты басшыға жараспайтын басқа да әрекеттер жасаған жағдайда;

 

15-бап. Сыйақы

15.1. Жауапты басшылар жауапты басшылардың жалпы санының үштен біріне дейінгі ауқымда сыйақы ала алады.

15.2. Жауапты басшылар өз міндеттерін орындау кезінде шеккен шығындарын қайтарып ала алады.

15.3. 2-ші тармаққа қатысты қажетті пункттерді Президент бөлек қарастырып, белгілейді.

 

16-бап. Кеңесшілер

16.1. Қауымдастық кеңесшілерді тағайындауға құқылы.

16.2. Кеңесшілерді директорлар кеңесінің ұсынысы бойынша ғылым саласында тәжірибесі мол адамдар, қауымдастыққа үлес қосқан адамдар, сондай-ақ төраға және төрағаның орынбасары қызметтерінде жұмыс істеген тәжірибесі бар адамдар арасынан Төраға тағайындайды.

16.3. Кеңесшілер Қауымдастықтың жұмысына қатысты Төрағаның сұрақтарына жауап береді, сондай-ақ Төрағаға Қауымдастықтың жұмысына қатысты өз пікірін білдіреді.

16.4. Кеңесшілердің өкілеттік мерзімін әрбір тағайындау бойынша Төраға белгілейді.

 

17-бап. Қызметкерлер

17.1. Қауымдастық Бас хатшыны және басқа қызметкерлерді тағайындайды.

17.2. Президент қызметкерлерді қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

17.3. Хатшылық пен қызметкерлерге қатысты ережелер бөлек қарастырылады.

 

 

5-тарау. Директорлар кеңесі

18-бап. Құрамы

Директорлар кеңесі директорлардан тұрады.

 

19-бап. Өкілеттік

Директорлар кеңесі осы Жарғыда қарастырылатын мәселелер бойынша шешім қабылдайды.

 

20-бап. Директорлар кеңесінің өткізілуі

Директорлар кеңесінің отырысы мынадай жағдайларда өткізіледі:

(1) Төраға немесе президент қажет деп тапқан жағдайда;

(2)  Директорлардың жалпы санының бестен бір бөлігінен көбі жиналыстың мақсаты көрсетілген жазбаша өтініш жасаған жағдайда;

 

21-бап. Шақыру 

21.1. Директорлар кеңесін төраға немесе президент шақырады. 

21.2. Алдыңғы баптың 2-тармағының ережесіне сәйкес жазбаша өтініш түскен жағдайда, төраға немесе президент сол күннен бастап 20 күн ішінде Директорлар кеңесін шақыруға тиіс. 

21.3. Директорлар кеңесін шақыратын кезде жиналыстың мақсатын, күні мен орнын көрсете отырып, қатысушыларды кемінде 7 күн бұрын жазбаша түрде хабардар ету қажет.

 

22-бап. Төрағалық

Директорлар кеңесі отырысына Президент төрағалық етеді.

 

23-бап. Шешім қабылдау

23.1. Директорлар кеңесінің күн тәртібінде қарастырылатын мәселелер тізбесі 20-баптың 3-тармағының ережесіне сәйкес алдын ала таратылады.

23.2. Директорлар кеңесінің шешімдері директорлардың жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады, ал жақтап дауыс беру мен қарсы дауыс саны тең болған жағдайда шешімді төраға қабылдайды. 

 

24-бап. Дауыс беру құқығы және т.б.

24.1. Барлық директорлар тең дауыс құқығына ие.

24.2. Директорлар кеңесінің отырысына қатыса алмайтын директорлар алдын ала хабарланған мәселелер бойынша жазбаша түрде дауыс бере алады.

24.3. Алдыңғы тармақтың ережесіне сай дауыс берген директор келесі баптың 1-тармағының орындалуына қатысты Директорлар кеңесіне қатысқан болып саналады.

24.4. Директорлар кеңесінің шешіміне мүдделі директор дауыс беруге қатыса алмайды.

 

25-бап. Хаттамалар

25.1. Директорлар кеңесінің отырысында келесі мәселелерді қамтитын хаттама рәсімделу қажет:

1. Күні мен орны;

2. Ұйым мүшелерінің жалпы саны және отырысқа қатысқандар саны (егер жазбаша дауыс бергендер болса, ол жайлы да жазылады);

3. Талқылауға ұсынылған күн тәртібіндегі мәселелер;

4. Отырыстың қалай өткені жайлы қысқаша сипаттама және қабылданған шешімдер;

5. Хаттамаға қол қоятындарды тағайындауға қатысты мәселелер;

25.2. Отырысқа төрағалық еткен кісі және қол қоюшы болып сайланған отырыстың кемінде 2 қатысушысы хаттамаға қол қойып, ол мөрмен бекітілуі қажет.

 


6-тарау. Кіші комитеттер және олардың комиссиялары

 

26-бап. Кіші комитеттер мен олардың комиссияларын құру

Қауымдастықтың қызметін жүзеге асыру үшін қажет болған жағдайда, Директорлар кеңесінің шешімімен ішкі комитеттер мен олардың комиссиялары құрылуы мүмкін.

 

27-бап. Ұйымдастыру және басқару

Кіші комитеттер мен олардың комиссияларын ұйымдастыру мен олардың жұмысын басқаруға қажетті мәселелерді Президент бөлек қарастырып, шешеді.

7-тарау. Активтер және бухгалтерлік есеп

28-бап. Активтердің құрамы

Қауымдастықтың активтеріне мыналар кіреді:

(1) қайырымдылықтан түскен кіріс және т.б.;

(2) кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс;

(3) активтерден түсетін кірістер;

(4) басқа да кірістер.

 

29-бап. Активтерді басқару

Қауымдастық активтерін Президент басқарады.

 

30-бап. Бизнес-жоспар және бюджет

Қауымдастықтың бизнес-жоспарын және бюджетін президент құрады.

 

31-бап. Алдын ала жоспарланған бюджет

31.1. Алдыңғы баптағы ережеге қарамастан, егер бюджет қандай да бір  себептермен бекітілмесе, бюджетті құратын күнге дейін Директорлар кеңесінің шешімімен кірістер мен шығыстарды өткен қаржы жылының бюджетіне сәйкес бөлуге болады.

31.2. Алдыңғы тармақта көрсетілген кірістер мен шығыстар жаңадан бекітілетін бюджеттің кірістері мен шығыстары болып есептеледі. 

 

32-бап. Резервтік қорды бекіту және пайдалану

32.1. Бюджеттен артық немесе бюджеттен тыс шығыстарды жабу үшін бюджетте резервтік қор болуы мүмкін.

32.2. Резервтік қорды пайдалану үшін Директорлар кеңесінің келісім-рұқсатын алу керек. 

 

33-бап. Шаруашылық есеп және қаржылық есеп 

33.1 Шаруашылық есеп, кіріс және шығыс туралы есеп, Қауымдастық мүлкін түгендеп-тізімдеу сияқты қаржыға қатысты есеп құжаттарын Президент әр қаржы жылы аяқталғаннан кейін дереу дайындайды және оны аудитордың тексеруінен өткізеді. 

33.2. Қаржы есебі бойынша бюджет профициті болған жағдайда, жұмсалмаған қаражат келесі қаржы жылына ауыстырылады.

 

34-бап. Қаржы жылы 

Қауымдастықтың қаржы жылы әр жылдың 1 сәуірінде басталып, келесі жылдың 31 наурызында аяқталады.

 

8-тарау. Құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу, Қауымдастықты тарату және біріктіру

 

35-бап. Құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу

Қауымдастық құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізуді көздейтін болса, оған қатысты шешім Директорлар кеңесінің отырысына қатысқан директорлардың төрттен үш бөлігі немесе одан да көп даусымен қабылдануы тиіс.
 

36-бап. Қауымдастықты тарату

Қауымдастық келесі себептер бойынша таратылуы мүмкін:

(1) Директорлар кеңесінің шешімімен;

(2) тұрақты мүшелердің болмауынан.

9-тарау. Басқа да ережелер

37-бап. Хатшылық

Қауымдастық өз жұмысын жүргізу үшін хатшылықты тағайындайды.

 

38-бап. Практикада қолдану тәртібі

Бұл Жарғыны іске асыру үшін қажетті нормативтік құқықтық актілерді Президент пен Вице-Президент бөлек қарастырады.


   

Мен бұл құжат шынымен де Қазақстан-Жапония Жібек жолы қауымдастығының Жарғысы екенін растаймын.

 

2023 жылдың 16 қаңтары

 

Қазақстан-Жапония Жібек жолы қауымдастығының төрағасы Кадзуо Уэда

カザフスタン

​Қазақстан-Жапония

Жібек жолықауымдастығы

Контактілер

Хатшылық мекен-жайы

Sanei Building 3F, 5-23-7 Shimbashi, Minato-ku, Tokyo 105-0004

Телефон нөмірі

ТЕЛ: 03-3432-2250      ФАКС: 03-6809-2292

bottom of page