top of page
カザフスタン

ЖАПОНИЯ ТАРИХЫ

list
Ежелгі дәуір

Өте ертеде Жапония Еуразия құрлығының бір бөлігі болды. Бірақ 20 миллион жыл бұрын континент шығыстан батысқа қарай айрылып кетті. Осылайша Жапон архипелагы континеттен бөлініп шықты. Ақырында бұл бөлік теңізге жетіп, айналасын теңіз суы қаптады, нәтижесінде жапон архипелагы пайда болды.

Бұл дәуірде Жапон архипелагында жеміс сақтауға және тамақ дайындауға арналған қыш ыдыстарды қолданатын еді. Мұндай қыш ыдыстар «Дзёмон керамикасы» (есілген арқан оюы) деп аталды. Өйткені оның қою қоңыр қалың қабырғасында есілген арқан сияқты болып келген оюлы суреттер болды. Сондықтан, осындай ыдыстар пайдаланылған бұл дәуір Дзёмон (шамамен б.з.д. 14000 жылдар мен б.з. Х ғасыры) дәуірі деп аталды. Сонымен қатар «догу» деп аталатын түрлі ғұрыптар мен сиқыр әдептерде қолданылатын ыдыстар да болды.

カザフスタン
Дзёмон керамикасы
Суреттер мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту
カザフスタン
カザフスタン
Дзёмон дәуіріндегі «Догу»
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту

Біздің заманымызға дейінгі 500-ші жылдары Кюсюде күріш өсіру басталды. Бұл Дзёмон кезеңінің аяғы мен Яёй дәуірінің басына, яғни б.з.д. ІІІ ғасырлар шамасына тура келеді. Дзёмон дәуірі терімшілік дәуірі болды, ал Яёй дәуірі негізінен күріш өсіруге құрылған өндірістік экономика дәуірі болды. Адамдар күріш өсіретін егіндіктер салып, бір-бірімен ынтымақтастық орнатты. Осылайша ауылдар пайда болды. Күріш өндірісінің арқасында азық-түлік молайды, халықтың саны артты, ауылдардың арасындағы барыс-келіспен қатар су үшін, егістік жер үшін егесулер басталды. Осындай үдерістердің арқасында ауылдар біріге басталды. Ол кішігірім мемлекеттердің құрылуына, бірлесіп күріш егу сияқты жұмыстарда көзге түскен көшбасшылардың пайда болуына алып келді.

 

Қытайдағы Үш патшалық кезеңінде жазылған «Вэй мемлекеті тарихындағы «ва» халқы туралы әпсаналарда» ІІІ ғасырда Яматай елін басқарған Химико ханшайым туралы айтылады. Ол кезеңдерде Жапония «Вакоку» (Ва елі) деп аталып, құрамына оншақты ел кіретін. Мемлекеттің әр жерінде қақтығыстар болып, теке-тірестер елді бөлшектеп, ыдыратып отырды. Химико мемлекетті сиқырдың көмегімен біріктіріп, билік жүргізді деп айтылады.

カザフスタン
Химико патшайым   
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту

Яматай мемлекетінің орналасқан жері туралы негізгі үш гипотеза алға тартылады. Оның біреуінде Яматай Кинки аймағында (Осака мен соның айналасындағы аудандар) болды десе, қалған екі нұсқада Кюсю мен Идзумо айтылады. Кинки теориясы бойынша Ямато императорлық әулеті Яматай мемлекеті өзінің ең бір гүлденген кезінде және билікке қуатты күштер келген кезде билік жүргізген.

VI ғасырдың соңына дейін жалғасқан дәуір Кофун дәуірі деп аталады (қорғандар дәуірі), өйткені осы кездерде «кофун» деп аталатын үйілген үлкен топырақ қорғандар жасалынды. Көптеген қорғандар үстіңгі жағы тастармен жабылып, адамдар, үйлер, аттарды бейнелеген керамикалық мүсіндермен көмкерілген.

カザフスタン
カザフスタン
Ханива керамика мүсіншесі   
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту
古代
飛鳥時代
Асука кезеңі

VI ғасырдың ортасында Жапонияға Қытай мен Корей түбегі арқылы буддизм енді. Бұл Асука кезеңінің басы болып есептеледі. Буддизмді жақтаушылар мен буддистік емес кландардың арасында қақтығыс соғыстар болды. Нәтижесінде буддизмді жақтаушылар жеңіп шығып, елде буддизм дінін нығайтуға кірісті. Осы кезде ханшайым Суйкоға (таққа отырған алғашқы әйел) елді саяси басқаруда көмектескен ханзада-регент Сётоку мемлекетті басқарудың жаңа механизмдерін жасап жатты. Осы кезең Жапонияның мемлекет ретінде қалыптасуы мен саяси құрылымына өте үлкен ықпал етті. Мұнан бөлек, буддизм дінімен бірге Жапонияға иероглифтік жазу енді. Қытайға (Суй династиясы билігі кезінде) оқуға студенттер жібергеннің арқасында Жапонияда түрлі технологиялар мен ғылыми пәндер мәлім болды. Ал кейін келе Қытайда алынған білім Жапонияда жаңа мемлекет құруда үлгі ретінде қызмет етті.

奈良時代
Нара дәуірі

Императордың тағына таласудың соңы 710 жылы қазіргі Нара префектурасында орналасқан Нара қаласына көшуге алып келді. Осы кезде Нара қаласы Хэйдзё-ке деп аталды. Бұл Нара кезеңінің басы болды. Чанъан (Суй және Таң династиясы кезінде Қытайдың астанасы болған қала) үлгісінде салынған қалада көшелер шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке қарай тор көз ретінде орналасқан.

Бұл кезең әр елдің мәдениетін жинақтаған Тэнпё мәдени дәуірі деп те танымал. Жапонның елшілері жіберілетін Таң династиясы сол кезде өзінің ең бір гүлденген дәуірін бастан кешіп жатты. Оның қол астында ұлан-ғайыр территориялар болды. Ал Жібек жолы арқылы көптеген елдермен сауда-саттық жасалды. Сондықтан Чанъан қаласы әлемнің мәдениеттері тоғысқан орталыққа айналды. Мұндай мәдени алмасулар Қытайдан отанына оралған елшілер арқылы Жапон жеріне де енді. Бұл кезеңді Қазақстан мен Жапония Жібек жолының арқасында бір-біріне жақын болған уақыт деп айтсақ та болады.

 

Алайда Нара дәуірінде билік пен саясаттың айналасында теке-тірес көп болды, жұқпалы аурулар тарап, табиғи апаттар жиі орын алып жатты. Император Сёму осындай келеңсіз оқиғаларға қатты алаңдап, көмекті буддизм дінінен іздеді. Осылайша Нара кезеңінде өзіндік ерекшелігі тым қою буддизм колориты бар мәдениет болды. Мысал ретінде император Сёмудың бұйрығымен Тодайджи храмында орнатылған Будданың үлкен мүсінін айтуға болады. Мүсіннің биіктігі 15 метр, бет тұсының ені 3,2 метр, алақанының ұзындығы 2,5 метр. 743 жылы басталған мүсіннің құрылысы 9 жылға жалғасқан.

Хэйан дәуірі

Алайда буддизмнің позициясы нығайған сайын императорға негізделген саясат жүргізу қиындай берді. Буддизм дінінің өкілдері саясатқа араласа бастады. Сондықтан 794 жылы император Камму астананы Нарадан Киота – Хэйан-кёге ауыстырды. Тура осы кезден бастап 390 жылға созылған Хэйан дәуірі басталды.

894 жылы жапон елшілерін Қытайдың Таң империасына жіберетін жүйе жойылды. Жапонияда Кокуфу (ұлттық ғұрыптар мәдениеті) ерекше мәдениеті дамыды. Тура осы кезеңде хирагана әліпбиі дүниеге келіп, кеңінен тарала бастады.

Шамамен Хэйан дәуірінің орта шенінде қыздарын император әулетіне тұрмысқа беріп, тақ мұрагері дүниеге келген кезде шынайы саяси билікті өз қолына тартып алатын дворян отбасы сахнаға шықты. Ел басқарудың бүкіл тетігі солардың қолына өтті.

Хэйан дәуірінің соңына қарай тақтан кеткен бұрынғы император мұрагер жас императордың орнына мемлекетті басқару ісін жүргізетін Инсей деп аталатын билік жүйесі қалыптасты.

 

Сонымен қатар осы кезде самурайлар сословиесі үлкен рөл ойнай бастады.

Олардың әдеттегі өкілдері ретінде Тайра мен Минамото кландарының самурайларын айтуға болады. Бастапқы кезде олар император мен аристократтардың мүддесін қорғағанымен, кейін келе өздеріне дейінгі басқа да аристократиялық отбасылар сияқты билікті тартып алып, императордың туысқандары болып шыға келді.

 

Мұндай оқиғаның классикалық үлгісі ретінде Тайра-но Киёмориді келтірсек жеткілікті.

Ол өзінің самурайлық тегіне қарамастан, алғаш болып елдің бас министрі мансабына отырды. Шындығына келгенде ол Хэйан дәуірінде бүкіл билікті қолында ұстап, мемлекетті басқарды деген сөз.

平安時代
Камакура кезеңі

Алайда Киёморидың билігіне қарсы болған, биліктен шеттеп қалған император Киёморидың бітіспес жауы Минамото-но Ёритомоны қолдап, Киёмори бас болып отырған Тайра кланымен соғысуға айдап салды. Нәтижесінде өзінің ең бір гүлденген кезеңін басынан кешіп жатқан Тайра кланы соғыста жеңіліп, тарих сахнасынан мүлде кетіп тынды.

 

Олардың орнына билікке келген Минамото-но Ёритомо 1192 жылы император Го-Тобадан тікелей мағынасы

«жабайыларды бағындырушы ұлы генерал» дегенді білдіретін «сэйи-тайсёгун» титулын алды. Осылайша Камакура кезеңі басталды.

 

Сёгун болған Ёритомо сёгунатты Киото емес, Камакураға (Канто аймағы) ауыстырып, елді самурайлар билігінің астына біріктірді.

Саяси орталықты аристократия мен император отырған Киотадан алыс орналасқан Камакураға ауыстырудың себебі, алдында Тайра кланы істегендей, самурайларды үлде мен бүлдеге оранған аристократтар мәдениетінен аулақ ұстау болды деп есептеледі.

Осылайша самурайлар сэйи-тайсёгунның қол астына жинақталды.

Камакура кезеңі 1333 жылға дейін жалғасты. Камакура кезеңінде 1274 және 1281 жылдары Шыңғысханның немересі Құбылай басқарған Юань империясы 2 рет Жапоняға жорық жасады.

Юань империясы қол астына Таяу Шығыс Азиядан Шығыс Еуропаға дейінгі ұлан-ғайыр территорияларды қосып алған және материктік Қытай мен Монғол үстіртін қоса қамтыған Монғол империясының жалғасы еді.

Жапония үшін бұл бір аса қауіпті кездер болды. Алайда теңізде болған қатты дауылдың (камикадзе) арқасында Камакура сёгунаты екі ретте де апаттан аман қалды.

Тақырыптан сәл ауытқитын болсақ, «Әлемнің кереметтері» кітабын жазған Марко Полоны Папа Григорий Х Құбылай ханға 1271 жылы сәлем-хабармен жіберген. Жас Марко Поло Құбылай ханның үдесінен шығып, ханның жеке өкілетті елшісі болып тағайындалады. Ол Құбылай ханға аттай 17 жыл қызмет етеді.

Марко Поло Жапонияны «Зипангу, Алтындар мемлекеті» деп атап, оны барлық жерде алтын шашылып жатқан бай ел деп суреттеген. Оның айтуынша, осындай ақпарат монғол шапқыншылығына себеп болған. Алайда бұл әңгіменің барлығы шындыққа жанаспауы мүмкін.

鎌倉時代
Нанбоку-тё кезеңі (Солтүстік және Оңтүстік үкіметтер) және Муромати кезеңі

Самурайлар монғолдарды жеңгенімен, бұл үшін олар жер де, атақ-марапат та алмады. Сондықтан әбден жүнжіген самурайлардың арасында уақытша билікке (бакуфу) деген күңкіл көбейді. Осының бәрін көріп отырған, самурайлардан билікті тартып алғысы келген император Го-Дайго Камакура бакуфуын талқандап, әу баста бакуфутың жағында болған бірқатар самурайларды одақтас ретінде қосып алды.

Император Го-Дайго тікелей ел басқару ісімен айналысып, Хэйан кезеңіндегідей жүйе құрғысы келді.

Алайда самурайлар бұған қарсы болды. Такаудзи Асикага көңілі толмай жүрген самурайларды жинап алып, самурай билігін құру мақсатында жаңа жасақталған әскерді бастап шықты. Сонымен қатар, ол жаңа императорды жариялап, Киотода сёгунат құрды.

Император Го-Дайго Нараға жақын жерде орналасқан Ёсиноға қашты. Ол жерге ол өз үкіметін де көшіріп алды. Осы кезең Жапония тарихында Нанбоку-тё кезеңі (Солтүстік және Оңтүстік үкіметтер) деп аталады. Жапонияда екі император, ал император үкіметі екі жерде, Киото мен Ёсинода болған бұл кезең 1336-1392 жылдар аралығында 56 жылға созылды.

南北朝時代・室町時代
Муромати кезеңі

Осындай жағдайдың бәрін ескерген император Когон 1338 жылы Такудзи Асикаганы сэйи-тайсёгун қылып тағайындады. Осылайша Муромати сёгунаты басталды және осы уақыт Муромати кезеңі деп аталды. Маңыздысы, Муромати сёгунаты Солтүстік және Оңтүстік үкіметтерімен қатар өмір сүрді. Солтүстік және Оңтүстік үкіметтердің кезеңі 1392 жылы аяқталды, ал ол кезде Муромати бакуфуының сейи-тайсёгуны үшінші сёгун Ёсимицу Асикага болып үлгерген.

 

Көптеген самурайлар сёгунат орналасқан Киотаға ауып келгендіктен, Муромати кезеңінің өзіне тән ерекшелігі Камакура кезеңінде самурай сословиесінде дүниеге келген дәстүрлі аристократиялық мәдениет пен әскери мәдениеттің біте қайнасып кеткен формасы болды. Одан бөлек, Қытайдың Мин династиясымен арада сауда-саттық қайнап жатты. Осы факторлардың барлығы ықпалдаса келе Муромати кезеңі мәдениеттің ең бір гүлденген кезі болды. Бізге таныс, жапон мәдениетінің айнасына айналған Но театры, шәй рәсімі, икебана сияқты дәстүрлі өнер түрлері осы кезеңде пайда болды. Мұнан бөлек, бүкіл әлемдік мәдени мұра тізіміне енген, сёгунның сарайына жақын жердегі Кинкакуджи мен Гинкакуджи храмдары Муромати кезеңінде соғылды.

Муромати бакуфуы өзінің артына көптеген жапон мәдениетінің жауһарларын қалдырып кетті. Алайда бұл кезеңді жапон тарихындағы тұрақты кезең деп айтуға келмейді. Себебі Жапония ол кезде әскери және экономикалық тұрғыда әлі де болса әлсіз болды.

Сэнгоку кезеңі (Соғысушы провинциялар дәуірі)

Мұрагерлік құқығына таласудан тұтанған Онин соғысы 1467 жылы басталды. Соғыс өрті бүкіл елдегі даймёларды шарпып өтті. Осылайша Жапония 100 жылға созылған Сэнгоку кезеңіне аяқ басты. Бұл сэнгоку-даймё деп аталған әскери қолбасшылардың тікелей өз жерлерін басқарған уақыты болды. Өз территорияларын ұлғайтуға тырысып, жалпы саны 150-ден 300-ге дейін даймёлар талас-тартысқа араласқан деп айтылады. Осы уақыт аралығында ресми түрде Муромати кезеңі жалғасып жатты.

戦国時代
Адзути-Момояма кезеңі

1336 басталған Муромати кезеңі ресми түрде 1573 жылы аяқталды. Сэнгоку-даймё Ода Нобунага бүкіл елдің даймёсын қарамағына жинап, Муромати сёгунатын құлатып, мемлекеттегі билікті өз қолына алу үшін үлкен қадам жасады.

Сэнгоку кезеңінің ең мықты атты әскері болған қаһарлы жауы Такэданың әскерін талқандау үшін Нобунага 1543 жылы португалдықтардың от қаруын қолданып, елді біріктіру үшін барын салды. Алайда ол мақсатына жете алмады. Нобунага өте еркін ойлы азамат еді. Ол жаңа дүниенің Жапонияға келуіне мүмкіндік берді. Бірақ ол ойға алған ісін жүзеге асыра алмастан, өз қарамағындағы адамдардың сатқындығына ұшырап, өлім құшты.

 

Кейінірек Нобунаганың ерекше ықыласына ие болған Тоётоми Хидэёси көтеріліс бастаған Мицухидэ Акэтиді жеңіп, елдегі билікті өз қолына алды. Тоётоми Хидэёси Сэнгоку дәуірінің символы іспеттес «төмендегілер жоғарыдағыларды құлатады» принципінің жарқын үлгісі болып есептеледі. Өйткені ол қарапайым шаруадан самурайға айналып, ақырында мемлекеттегі бүкіл билікті қолына алды.

 

Қарапайым шаруаның баласы болған Хидэёсидың сондай биік деңгейге көтерілгенге дейін небір қиыншылықтарды бастан кешкеніне сенуге болады. Нобунаганың сеніміне кіру үшін Хидэёси өзінің бүкіл ақыл-парасатын жұмсады. Ең бір жиі айтылатын әңгімелердің бірі "дзори" (сүйретпе аяқ киім) оқиғасы. Бірде аязды қыстың түнінде Ода Нобунага өзінің сүйретпесінің жып-жылы болып тұрғанына таңқалады. Сөйтсе, Нобунага аяқ киімін іздей қалса, жылы күйінде ұсыну үшін Хидэёси дзориды қойнына тығып ұстап тұрған екен. Нобунага өзінің үдесінен шыға білген Хидэёсиге ұрыс даласындағы негізгі рөлді тапсыра бастады. Осылайша оның қызметі тоқтамай өсе беріп, ақырында ел билігін қолына алды.

 

 

Тарих сахнасында Ода Нобунага мен Тоётоми Хидэёси ойқастаған кезең Адзути-Момояма деп аталды. Бұл кезең 1568 жылы Нобунага Киотаға басып кірген кезден басталып, 1600 жылы болған Сэкигахаре түбіндегі шайқасқа дейін 30 жылға созылды деп есептеледі.

 

Осы кезеңде Жапонияға көптеген елдердің мәдениеті енді. Билікті қолында ұстап отырған даймё үлде мен бүлдеге оранған күн кешті. Адзути-дзё мен Осака-дзё сарайындағы бөлмені бөліп тұратын фусума қабырғалары мен жиналмалы ширмалар керемет суреттермен безендірілді. Ал даймёлардың арасында шәй рәсімі сәнге айналып, кеңінен тарады. Жапон шәй рәсімінің атағы жер жарған шебері Сен-но Рикю тікелей Хидэёсидің өзіне қызмет көрсетті. Мұнан бөлек Португалия, Испания сияқты мемлекеттермен арада сауда-саттық өте белсенді жүргізілді. Соның арқасында Жапонияда кастелла бисквиті, сағат, өзгеше стильдегі киімдер сияқты еуропа мәдениетінің элементтері пайда болды. Сонымен қатар, күнделікті тұрмыс-тіршілік пен әдет-ғұрыптарда да көптеген өзгерістер болып жатты. Ал өнердегі жаңа тыныс «Намбан өнері» деген атқа ие болды. Тағы да бір айта кететін қызық жайт, жұрттың ықыласына бөленген Ясуке атты қара нәсілді самурай Нобунагаға қызмет еткен.

 

1543 жылы Португалиядан тек қана қару-жарақ әкелінген жоқ, сонымен қатар елге христиан діні, оған қоса Франциск Ксаверий сияқты діни миссионерлер енді.

カザフスタン
Кубаның астанасы Гаванадағы Иглесия дель Саградо Корасон де Хесус және Сан-Игнасио де Лойола шіркеуінің витраждарында кимоно киген әйелдер мен самурай фигуралары бейнеленген. Куба Жапонияда және басқа Азия елдерінде христиан ілімін тарататын миссионерлер үшін транзиттік нүкте болды. Бұл шіркеуге аты берілген Игнатиус де Лойола иезуит орденінің негізін қалаушы болды, ал Жапонияға христиан миссиясымен келген Фрэнсис Ксавье Лойоланың серіктесі болған.

Тоётоми Хидэёси бүкіл елді өз бақылауында ұстады. Алайда оның амбициясы мұнымен біткен жоқ. Көп уақыт өтпей Хидэёси Қытайдың Мин династиясын жаулап алуды ойластыра бастады. Осылайша ол Кореяға Жапонияға бағынуды, өзінің қол астында Мин династиясының шекарасына әскер жіберуді ұсынды. Алайда Корея бұл ұсыныстан бас тартты. Осыны желеу етіп, Хидэёси 1597 жылы Кореяға әскер жіберді. Бірақ корейлердің әскери-теңіз флотының қарымта шабуылы мен артынша корейлерге келген Мин династиясының көмегінен қаймыққан жапон әскері бейбіт келісімге келіп, Кореядан кетуге мәжбүр болды.

Осыдан кейін Хидэёсидың Мин династиясымен жасамақ болған бейбіт келісімі сәтсіз шықты. Сонда да болса ол 1597 жылы тағы да Кореяға жорыққа аттанды. Бірақ бұл жолы да ешқандай нәтиже шығара алмады. Осы кезде, нақтырақ 1598 жылы Хидэёси аурудан қайтыс болды. Жапон армиясы Кореядан кетуге мәжбүр болды. Үлкен әскери шығындар, даймё мен халықтың иығына ауыр жүк болып түскен осы екі әскери жорық Тоётоми Хидэёси үкіметі құлауының негізгі себептерінің бірі болды.

安土桃山時代
Эдо кезеңі
Тоётоми Хидэёси өлген соң, елді тағы да соғыс өрті шарпыды. Алайда 1600 жылы Сэкигахаре түбіндегі шайқаста жеңіске жеткен Иэясу Токугава Жапонияны өз бақылауына алып, билікті өз қолына жинады. 1603 жылы Иэясу сэйи-тайсёгун болып, қазіргі Токионың территориясында Эдо бакуфуын құрды. Эдо кезеңі 1867 жылға дейін 260 жыл бойы созылды.
           Осы жерде кішігірім ақпарат бере кетсек. Жапонияда Сэнгоку кезеңінің үш әскери қолбасшысының тұлғасы жиі салыстыруға ұшырайды. Олар: Нобунага, Хидэёси және Иэясу. Кез келген істі  басқаруда осы аталған тұлғалардың амал-әрекеттері мысалға алынып, үлгі ретінде ұсынылып отырады.

«Егер көкек сайрамаса, оны өлтіріп таста.» (Ода Нобунага)

«Егер көкек сайрамаса, оны сайрауға мәжбүр ет.» (Тоётоми Хидэёси)

«Егер көкек сайрамаса, ол сайрағанша күт.» (Токугава Иэясу)

 
Егер сіз компания құрып, өз бизнесіңізді бастасаңыз, қай типтегі президент болған дұрыс деп есептейсіз? Ісі дөңгелей бастаған компаниясын одан әрі үлкейту үшін қай типтегі президент болған дұрыс?

Айтпақшы, қазіргі заманғы Жапонияның атақты менеджерлерінің бірі Мацусита Коноскэ «Егер көкек сайрамаса, мұның өзі де жаман емес» деп айтқан. Ол  «Panasonic Group» компаниясын бір ұрпақтың заманында-ақ құрған. Оны «менеджменттің құдайы» деп атайды.

 

Жоспарлы түрде жүргізілген өзін оқшаулау саясаты мәдениетке де айтарлықтай әсер етті. Жапондардың ешкімге ұқсамайтын ерекше мәдениеті шетелдіктермен арадағы қарым-қатынасты шектегенінің арқасында дами  бастады. Бүгінгі күні мақтануға тұрарлық Кабуки, укиё-э, жапонның қуыршақ театры сияқты жапон мәдениетінің бірегей өнерлері тура осы кезеңде гүлденді.

Алайда Эдо дәуірінің соңына қарай Англия, Ресей, Америка Құрама Штаттары сияқты мемлекеттер Жапониямен қарым-қатынас орнату үшін әрекет ете бастады. Ақырында осы елдермен арадағы сауда-саттық жолға қойылды.

           Батыстан Жапонияға жаңа технологиялар мен жасампаз идеялар ене бастады. Нәтижесінде өзін оқшаулау жүйесі әлсірей бастады. 1853 жылы жапон елінің сыртқа ашылу сәтін жақындата түскен, президенттің сәлемдемесімен келген коммодар Перридің әскери кемелері Урагаға келіп кірді. Жапония ақырында Батысқа «ашылу» керек деп шешті. Осылайша келесі 1854 жылы Құрама Штаттар мен Жапонияның арасында достық пен бейбітшілік туралы келісімге қол қойылып, Симода мен Хакодатэ порттары АҚШ-пен сауда жасау үшін ашылды. Сонымен қатар Иокогама, Нагасаки, Ниигата және Кобеде 5 бірдей порт ашылып, сёгунат еркін саудаға рұқсат беруге мәжбүр болды. Бір уақытта Нидерланды, Ресей, Ұлыбритания, Франция мемлекеттерімен тура осындай келісімдерге қол қойылды.

Алайда бұл келісімдер теңқұқықты болмады. Экстерриториялық заңдарды мойындайтын, Жапония үшін автономды салық жүйесін қарастырмаған мұндай келісімдер Жапонияға мүлде тиімсіз болды. Еркін сауда экономиканы түбегейлі өзгертіп жіберді, алтын мен күмістің арасалмағы басқаша өзгеріп кетті, соның салдарынан қомақты алтын мен күміс монеталар шетел асты.

Самурайлар мен халық сёгунаттың император үкіметінің рұқсатынсыз келісімдерге қол қойғанына наразы болды. Сондықтан да бакуфуға қарсы толқулар көп болды.

Осындай жағдайда 15-ші сёгун Ёсинобу Токугава болып жатқан өзгерістерді саралай келе, басқаруды император үкіметіне қайтару керек деп шешті. Бұл 1867 жылы еді. Жаңа үкімет армиясының басшылығы монархияны қалпына келтіру туралы бұйрық шығарды. Осылайша Камакура дәуірінен Эдо дәуіріне дейін 680 жыл жалғасқан самурайлар билігі аяқталып, Жапония үшін тарихтың жаңа парағы басталды.

Алайда сёгунның билікті император үкіметіне қайтарғаны бүкіл дүние аяқ астынан өзгеріп шыға келді деген сөз емес. Мұндай жағдайға төзгісі келмеген бұрынғы сёгунаттың әскері мен жаңа үкіметтің арасында соғыс басталды. Осындай тығырыққа тірейтін қиындықтар жаңа дүниенің туындауына себепші болса керек. Немесе бұл мәңгілікке кетіп бара жатқан ескінің соңғы тұяқ серпері ме екен? Шайқас кезінде жаңа үкіметтің әскері Эдо сарайына шабуыл жасап, ескі сёгунатты жақтаушыларды Хакодатэ мен Хоккайдоға дейін қуып барып, берілуге мәжбүр етті. Нәтижесінде билікте 260 жыл отырған Эдо әскери үкіметі мен 680 жыл өмір сүрген самурайлар қауымы келмеске кетті.

江戸時代
カザフスタン

​Қазақстан-Жапония

Жібек жолықауымдастығы

Контактілер

Хатшылық мекен-жайы

Sanei Building 3F, 5-23-7 Shimbashi, Minato-ku, Tokyo 105-0004

Телефон нөмірі

ТЕЛ: 03-3432-2250      ФАКС: 03-6809-2292

bottom of page