
ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ
Қазақстан – тарихы тереңге кеткен, мәдени мұрасы өте бай ел. Еуропа мен Азия, Қытай мен Ресей сияқты батыс-шығыс, желдік-түстіктің ірі елдері, әлемнің ең ежелгі өркениеттері тоғысқан, Ұлы Жібек жолы өткен Еуразия құрлығының ортасында орналасқан. Сондықтан да Қазақстан әлеуметтік, экономикалық, мәдени және иедеологиялық тұрғыда өзіндік ерекшелігі бар мемлекет. Олай болса, түрлі мәдениет пен тарихтың басын біріктіре отырып, өз ұлтын қалыптастырған және оны дамыта білген Қазақстан тарихын бір шолып шығайық.
Сөз басы
Қаратау мен Орталық Қазақстан өңірінен ғалымдардың есебі бойынша шамамен 40 пен 140 мың жыл бұрын өмір сүрген неандарталдықтардың тұрағы табылған. Қаратау мен Каспийді қамтитын Балқаш өңірінде питикантроптар мен синантроптар өмір сүрген деп те айтылады.
Оның мерзімі тіпті арыға кетеді. Шамамен 800 мың -1 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Міне, осы айғақтар – аймақтағы адамзат дәуірінің бастауы. Қазіргі заманғы гомосапиенс Қазақстанның оңтүстік, орталық, шығыс аймақтарында шамамен 12-40 мың жыл бұрын пайда болған.
Соңғы мұз дәуірінен кейін (б.з.д.12500-5000 жж.) адамдардың тұрақтарының саны әлдеқайда артқан. Ал бұл жерде өмір сүрген мамонттар мен жүнді мүйізтұмсықтар түгелдей қырылып, жойылып кеткен. Осы жердегі аңшы-терімшілер қауымдастығында садақ пен сал жасау ойлап табылған деген болжам бар. Сонымен қатар, аңшылықта үйретілген қасқырлар мен тұзақтар қолданылған.
Неолиттік революцияның арқасында отырықшылық өмір сүру салтымен байланысты жер өңдеу мен мал шаруашылығы пайда болды. Сонымен қатар Атбасар, Кертемір, Ботай, Нарым мәдениеттерінің негізі қаланды. Атап айтқанда, Ботайда (3700-3100 жж.) адамзат тарихында алғаш рет жылқыны түлік ретінде пайдалана бастады. Осы кезеңде керамика мен тастан қашалған құрал-саймандар да пайда болды.
Б.з.д. 4000-3000 жж. метал мен жезден заттар жасай бастады. Қазба жұмыстары барысында метал құюда қолданылатын формалардың орындары табылды. Б.з.д. 2000 жж. Орталық Қазақстанда кен өндіру басталды.
Климаттың қарқынды өзгеруінен адамдар далалық аймақтарға немесе даладан басқа жерлерге үдере көшуге мәжбүр болды. Б.з.д. 2000 жылдардың аяғы мен 1000 жылдардың басына дейін жалғасқан ұлы құрғақшылық кезеңінде өзендер мен көлдердің құрғап кетуіне байланысты өңірдегі адамдардың саны күрт азайып кетті. Осыған байланысты адамдар солтүстіктегі далалы-орманды аймақтарға қоныс аудара бастады.
Ежелгі Қазақстан
Бірінші мыңжылдықтың басында Орталық Азияның далалық аймақтарында бірнеше ғасырға созылған скиф-сақтық көшпенді өркениет дами бастады. Оның түрлі формада сақталған мәдени іздерін бүгінгі күні де көре аламыз.
Қазақстандағы қазбалар мен ежелгі қорғандарда табылған қола мен алтыннан «аңдық» стильде жасалған әшекейлер дүйім жұрттың қызығушылығын туғызды.

Есік қаласынан табылған Алтын адам
Алматы маңындағы Есік қаласынан табылған сақ жауынгері «Алтын адамның» қорымынан алынған әшекейлер өзінің көркемдігімен дүние жүзіне танылды.
Кейінірек қазақ даласының басым бөлігін қамтитын аймақтарда сол кездегі әлемдік державалардың картасына ықпал еткен, өзгеріс енгізген айбынды Ғұн мемлекеті құрылды. Ұлы Рим империясының түбіне жеткен ғұндар мен олардың ұлы көсемі Атилланы бәрі біледі.
Ғұндардан кейін билік құрған, олардың жалғасы болған түркі тайпалары шығыста Сары теңізден бастау алып, батыста Қара теңізге дейін созылып жатқан территорияда бірнеше ірі мемлекеттер мен хандықтар құрды. Сол кез үшін олар алдыңғы қатарлы мәдениет жасай білді. Оларда тек қана көшпелі шаруашылық қана болып қойған жоқ, сонымен қатар олар сауда мен қолөнерге негізделген өзіндік ерекшелігі бар қалалық мәдениет те қалыптастырды.

Ғұндардың батысқа жылжу картасы

Осылайша Византия империясын Қытаймен байланыстырған атақты Ұлы Жібек жолы өтетін орта-азиялық оазистерде (Оңтүстік Қазақстанда) қалалар мен керуен-сарайлар пайда болды. Жібек жолы тек қана сауда-саттықты ғана дамытып қойған жоқ, сонымен қатар жаңа мәдениет пен жаңа ғылыми жетістіктерді тарататын және сол замандағы адамзаттың асыл мұраты мен құнды идеяларын жүзеге асыратын өзіндік құралға айналды.
Сол заманның атақты тұлғаларының бірі философ Әбу-Насыр Әл-Фараби (870-950 жж) болды. Әл-Фараби Орта Азиядағы Фараб қаласынан (қазіргі Қазақстан Республикасы, Отырар қаласы) шыққан. Оны мұсылман ойшылдары құрмет тұтатын Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп таниды. Фараби артына философия, астрономия, музыка теориясы, математика сияқты ғылымдар бойынша мол мұра қалдырды. Сонымен қатар, ол Аристотельдің ілімін зерттеуші ғалым ретінде де танымал.

Қазақстан теңгесінің 10 мыңдық банкнотында «Екінші ұстаз» атанған Әл-Фарабидің суреті бейнеленген.
ХІ ғасырда Махмуд Қашқари (1029-1101 жж.) тарихта тұғыш рет түркі халықтарының фольклоры мен әдебиеті көрініс тапқан 3 томнан тұратын «Диуани Лұғат ат-түрік» атты араб-түрік сөздігін құрастырып шықты.
Сонымен қатар, бұл аймақта Жүсіп Баласағұн деген атпен танылған атақты философ және ақын Жүсіп Хасс-Хажиб (1018 немесе 1019-1070 жж.) дүниеге келген. Ол түркі әдебиетінің ең ертеде жазылған шығармаларының бірі «Құтты біліктің» (Ізгілік ілімі) авторы. Бұл шығарманы түрлі шұрайлы метафоралармен, аллегориялармен және астарлы сөздермен жазылған адамдық пен билік жүргізудің ең ізгі амалдарының тарихы деуге болады.
Шығарма ел билеген жақсыларға ізгілік пен заңды қатар ұстап, ел басқаруды үйрететін әліппе іспеттес. Мазмұны Күн-тоғды (Әділдік) мен Бақыт, Ақыл, Қанағат деген үш кейіпкердің арасындағы диалог түрінде берілген.
Қожа Ахмет Яссауи (1103-1166 жж.) ислам әлемінде өте үлкен құрметке ие ақын болған сопы-әулие. Ол өзінің сыр сөздер жинағынан құралған «Диуани хикмет» атты шығармасы арқылы түркі әлемінде сопылық ілімнің кең таралуына ықпал еткен үлкен тұлға. Яссауи өз өлеңдері мен сыр сөздерін түркі тілінде жазғанының арқасында бүгінгі күнге дейін ықпалын жоғалтқан жоқ. Айта кететін бір жәйт, осы кездерде қазақ даласы буддизм, зороастризм, неостариандық дін, ислам, сопылық жол және тәңіршілдік сияқты түрлі діндер мен наным-сенімдердің және алуан түрлі мәдениеттің қатар өмір сүріп, бір-біріне белгілі бір деңгейде әсер еткен аймаққа айналды. Осының барлығы жинақталып келіп, болашақ қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын, өз ерекшілігі бар дүниетанымын қалыптастырды.

Арыстанбаб кесенесі
Киіз үйдің ішкі көрінісі

Қазақ жерінде бүгінге дейін өзінің керемет архитектуралық бірегейлігін сақтаған Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибінің кесенелері сақталған. Біз бұл жерлерден тек қана қалалық құрылыстарды ғана емес, сонымен қатар көшпелілердің өз өмір-салты мен дүниетанымына сәйкес келетін киіз үйлердің де кеңінен қолданылғанын көреміз. Бұл төбесі күмбезденіп келетін, негізі ағаштан жасалып, киізбен қапталатын тұрғын үйдің бір түрі. Олар тез құрастырылып, шашып-жинауға және басқа жерге көшіруге ыңғайлы.
1221 жылы Шыңғысхан бастаған монғол әскерлері Орта Азияны жаулап алды. Монғол шапқыншылығы Қазақстанның болашақ тарихына өте үлкен ықпал етті. Шыңғысхан бытырап кеткен көшпелі тайпалар мен руларды тікелей өз билігіне бағынатындай етіп, территориялық ерекшелігіне қарай біріктірмекші болды.
Монғолдың екінші Ұлы ханы Үгедей (Шыңғысханның үшінші ұлы) өлген соң, Батый 1242 жылы Еділ өзенінің төменгі ағысындағы Сарай қаласы астанасы болған Алтын Орда мемлекетін құрды. Бұл мемлекет батысында Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы Дунай өзеніне дейін созылып, Қырым түбегінен бастау алатын шексіз далалық аймақты, оның ішінде Балқаш көлі, Алтай таулары мен Орта Азияның біраз жері кіретін қазақ даласын да қамтыды. (Шыңғыс ханның тұңғышы Жошы әкесінен бұрын, шамамен 1242 жылдары қайтыс болып кеткен еді. Осыдан кейін Жошының екінші ұлы Батый Жошы әулетінің басына шықты. Кезінде Жошы әкесі Шыңғысханның пәрменімен Оңтүстік Сібірден Қара теңіздің солтүстігіне дейінгі аймақтарды жаулап алған еді.)
Алтын Орда оң қанат (Ақ Орда) және сол қанат (Көк Орда) болып екіге бөлінді және Қазақстанға жақын жерлерді қамтитын Ертістің жоғарғы ағысы мен Сырдария өзенінің төменгі жағындағы жерлерді де қоса басқарды.
Кейінірек Монғол империясының тағы бір жалғасы болған Темірланның династиясы тарих сахнасына шықты. Ол Қазақстанның Оңтүстігі мен Орталық Азиядан бастап Таяу Шығыс пен Солтүстік Үндістанға дейінгі ауқымды территорияда өз билігін жүргізді. Сол заманның мәдени байлығын көрсететін архитектуралық керемет құндылықтар бүгінгі күнге дейін сақталған.
Қазақ этникалық тобының құрылуы
ХV ғасырдың аяғында Алтын Орданың шығысында (қазіргі қазақ даласы) Әбілхайыр хан көшпелі ру-тайпалардан құралған топпен бөлініп, билік құрды. Оларды Әбілхайырдың көшпелі өзбектері деп атады. Осы кезде кезінде Көк Орданың (кейінірек қазақ ордасы) құрамында болған біраз ру-тайпалар Әбілқайырдан бөлініп кетті. Әбілхайыр хан өлгеннен кейін, бөлініп кеткен топ бассыз қалған көшпелі өзбектерді өздеріне қосып алды. Осылайша Қазақ хандығы құрылды. Олар Әбілхайырдың немересі Шәйбани бастаған әулетпен теке-тіреске көшті. Қазақ хандыңының ең бір күшейген кезі қалаларды өз билігіне қаратып, айнала қоршаған жерлерге толассыз шабуыл жасаған Қасымханның (1511-1518 жж.) тұсына тура келеді.
Осы кезең ортақ рухпен және өмір сүру салтымен бірлескен, түрлі этномәдениеттің негізінде қалыптасқан далалық көшпелі халықтың бірігу үдерісінің басы болды.
Этникалық «қазақ» атауы ежелгі түркі тілінен аударғанда «еркін, тәуелсіз» дегенді білдіреді. Және де бұл атау ешкімге тәуелді болмай, еркін өмір сүруге ұмтылған қазақ халқының терең болмысын өте жақсы айқындап тұр. Оның үстіне бұл аймаққа ислам ілімі мен араб жазбасы енді, көшпелі өмір салты мен қазақ дүниетанымына ыңғайланған заңдар мен тәртіптер қабылданды, дәстүрлі ауыз әдебиеті мен қазақ халық музыкасы гүлденді.
Алайда, этномәдени тұтастығына қарамастан, қазақ хандығы тұрақсыз саяси құрылымы бар «көшпелі демократияның» өзіндік үлгісі іспеттес болды. Нәтижесінде XVIII ғасырдың бірінші жартысында саяси тұтастыққа сызат түсті. Жетісуда Ұлы жүз, орталық қазақ даласында Орта жүз және батыс далалық аймақта Кіші жүз сияқты рулық бірлестіктер пайда болды.
Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтар «жылы ауа-райының» соңынан еріп, негінен меридианның бойымен жылжып отырды. Жоғарыда айтылған рулық бірлестіктер көшетін белгілі бір маршрутты қатаң ұстанып отырды. Және де осы белгіленген жолдан ауытқуға болмайтын. Басқа рулардың көшіп-қонатын аймағына кіруге қатаң тыйым салынды. Мұны әр аймақтың табиғи ерекшелігі ескерілген, жерді пайдаланудың өзіндік бір үйлесімді жүйесі деуге де болады.
Көшпелілердің өмір сүру ортасы мен табиғаты қатал болды. Әсіресе қыс мезгілінде қатты қиын еді. Қолдағы мал қыста да далада тебіндеп жайылып, өз азығын тауып жеуге үйренген. Бірақ жауған қардың бетіне жұқа мұз қататын болса, мал тебіндеп жайыла алмай, азық таппай, аштан қырылатын. Мұндай қатал қысты «жұт» деп атады. Араға 10-12 жыл салып осындай қатал жұт келіп, көшпелілердің шаруашылығын тас-талқан етіп, жермен-жексен етіп кететін. Мұндай кезде бәрін басынан, тақырдан қайта бастауға тура келеді. Сонымен қатар, көшпелі экономика құрғақшылық кезде де зиян шегіп, шығынға бататын. Нәтижесінде көшпелілердің мемлекеттік және әскери әлеуеті әлсіреп қалатын.
XVII-XVIII ғасырларда қазіргі жоңғар даласының орталығында көшпелі ойраттар империясы пайда болды (қазіргі жоңғар даласы ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық округының солтүстік-батысында). Қазақтар шығысында орналасқан монғолдың жоңғар империясының шабуылына жиі ұшырады. Ал тарихта «Ақтабан шұбырынды» деген атпен қалған 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы қазақтар үшін сұмдық ауыр болды.
Ресейдің қазақ даласын колонизациялауы
1730 жылы Кіші жүздің ханы Әбілхайыр (1716-1748 жж.) шығысқа қарай қарқынды жылжып келе жатқан Ресей империясына елші жіберіп, әскери одақ құруды ұсынды. Басқа жүздердің хандары да осы одаққа қосылуға ниет білдіріп, жоңғарларға бірлесіп шабуылдауға дайындала бастады.
1820 жылы Ресей империясы қазақ даласындағы жағдайды тұрақтандыру үшін, өз билігінен айрылып қалған Кіші және Орта жүздердің атынан билік жүргізе бастады. Шамамен осы уақыттарда Жетісудағы Ұлы жүз рулары Қоқан хандығына тойтарыс беру үшін Ресей билігінің қол астына өтті. Нәтижесінде Ресей империясының құрамына кірген қазақ даласы Ақмола, Семей, Орал, Торғай және Сырдария деп 6 облысқа бөлінді. Шығыс бөлігі 1891 жылы Далалық Генерал-губернатордың иелігіне өтті (Жетісу облысы Түркістан генерал-губернаторлығының қарамағына 1897 жылы өтті).
Өздерінің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қорғауға ұмтылған қазақ жүздері шекарасын белсенді түрде Сібірдің түбіне қарай жылжытып келе жатқан Ресей империясының әскери көмегіне жүгінбек болды. Алайда әскери көмекпен бірге орыстар жанталасып қорған-қалалар соға бастады, Ресейдің ішкі аудандарынан орыстардың ауқымды миграциясы басталды, жайылымдық жерлерді егін даласына айналдырды, Ресей империясының әкімшілік-территориалдық құрылымына сәйкес қазақ даласын территорияларға бөле бастады. Мұның бәрі ақырындап қазақтардың тәуелсіздігінен айрылуына алып келді.
Кенесары хан бастаған қазақтардың қаһармандықпен колонизацияға қарсы тұруына қарамастан, 1871 жылы қазақтар өз мемлекеттігінен айрылды. Мұнан ары қазақтардың тағдыры мен әлеуметтік дамуы Ресей империясына тән еуропалық сарында өрби бастады.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақтардың басым бөлігі отырықшы өмір салтына бейімделіп, ауыл шаруашылығымен айналыса бастады. Өңірдің экономикасы негізінен ресейлік экономиканың ыңғайына жығыла бастады. Өндірістің көптеген салалары, көлік пен сауда қарқынды дами бастады, сонымен қатар жұмысшы табы мен интелегенция түсінігі қалыптаса бастады.
Қарқынды жүргізілген әлеуметтік-экономикалық эксперименттердің арқасында, қазақ дәстүрі мен қазақ рухы ілесіп кете алатын, сол кездегі орыс рухына тән жаңашылдыққа ұмтылу, жаңа бағытта даму сияқты еуропа өркениетінің алдыңғы қатарлы жетістіктері де көрініс бере бастады. Ақын, философ-ойшыл, композитор және ислам принциптеріне арқа сүйей отырып қазақтарға еуропа мен орыс мәдениетін ашқан мәдени реформатор Абай Құнанбайұлы (1845-1904 жж.) тура осы кезеңде өмір сүріп, өз шығармаларын дүниеге әкелді. Осындай ұлы ойшыл тұлғамен қазақ халқы бүкіл әлем алдында мақтана алады. Қазақ мәдениеті мен тарихында Абайдың алатын орны ерекше. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қазақ әдебиетінің классигі Абай тек қана талантты ақын емес, сонымен қатар ол азия, еуропа және орыс әдебиетінің керемет аудармашысы да болды.
1917 жылы революция нәтижесінде Ресей империясы құлап, азаматтық соғыс басталды. Қазақстан да өте үлкен тарихи дүрбелең мен өсуді бастан кешті. Қазақтардан құралған Алаш партиясы ұйымдастырған бүкіл қырғыздардың (қазақтардың) ІІ съезінде, 1917 жылдың 13 желтоқсанында тәуелсіз Алаш автономиясы жарияланды. Қазақстан үкіметі Ақ армиямен (Уақытша Сібір үкіметі) одақ құрып, большевиктік режимге қарсы күресе бастады. 1918 жылдың қарашасында Алаш автономиялық үкіметі формальды түрде таратылғанымен, 1920 жылға дейін қызметін тоқтатпай келді.
1919 жылы Ақ армия жеңіліс тауып, Алаш үкіметі большевиктермен келіссөздер жүргізе бастады. Ал 1919-1920 жылдары большевиктер Қазақстанның территориясындағы ақтардың армиясының қалдығын түбегейлі жойып бітті. Қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысын бастап, Қазақстанның тәуелсіздігіне ұмтылған «Алаш» партиясының көшбасшылары қатарында Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сияқты марқасқалар болды. Олардың қатарында көптеген интелектуалдар, оқымыстылар, әдебиетшілер мен зерттеуші-ғалымдар болды. Ұлы ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы да осы қатарда болды. Алаш партиясын құрған, оның құрамында болған мықты тұлғалардың тағдыры трагедиямен аяқталды. Олардың басым бөлігін контрреволюциялық терроризммен айналысты деп айыптап, халық жаулары деген жала жауып, өлім жазасына кесті.
КСРО дәуіріндегі Қазақстанның дамуы
1925 жылы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды (1925-1936 жж). 1929 жылы Алматы қаласы астана болды. 1936 жылдың 5 желтоқсанында Кеңес Одағы коммунистік режимінің бақылауындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды (1936-1991 жж).
Аймақтың экономикалық дамуының өте баяу болуына байланысты, орталық үкімет жоспарлы экономиканың негізінде Қазақстан экономикасын қарқынды дамытуды басты мақсат қылып қойды. 1941 жылы өндірістің ауқымы 1913 жылмен салыстырғанда 8 есе артты. Осындай ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асырудың арқасында, Қазақстан 30-шы жылдары бұрынғы көшіп-қонып жүрген аймақтан ірі және жан-жақты өндіріс саласы бар, егін және мал шаруашылығын қарқынды дамытып жатқан өңірге айналды.
Қазақстанның территориясында мыңдаған өндіріс орындары пайда болды, ондаған мың киллометр теміржол мен автожолдар төселді. Қазақстан қара және түсті металдың, көмірдің, мұнайдың, астық пен ауылшаруашылық өнімдерінің ірі өндірушісіне айналды.
1991 жылы Қазақстан Кеңес Одағындағы қорғасын, цинк, титан, магний және қалайының 70%, фосфор мен хромның 90% және күміс пен молибденнің 60%-ын өндіретін деңгейге жетті. Қазақстан сонымен қатар астық өндіретін өте үлкен аймаққа айналды.
Алайда қазақ халқы үшін мұндай экономикалық дамудың құны оңай болған жоқ. Социалистік индустрия үлкен трагедияға алып келді. Белден басу арқылы 1930 жылдары жүргізілген ұжымдастырудың соңы өте ауқымды да аяусыз ашаршылыққа ұласты. Көптеген қазақтар малдарын айдап Қытайға және көрші Орта Азия мемлекеттеріне миграция жасауға мәжбүр болды. 1931 мен 1934 жылдар аралығында Қазақстанда ашаршылықтан 1,5 миллионға жуық адам ажал құшты. Бұл дегеніміз казақ этносының 40%-ын құрады.
Қазақстан жергілікті халқы азшылықты құрайтын Кеңес Одағындағы жалғыз республика болды. Мұндай жағдай тек қана жергілікті халықтың санының күрт азайып кетуінен ғана болған жоқ, сонымен қатар 30-шы жылдары Кеңес Одағының басқа жерлеріндегі большевиктер режиміне қарсылық көрсеткен халықтарды күштеп көшіріп әкелумен және көптеген адамды концентрациялық лагерьлерге тоғытумен де байланысты болды.
1935 пен 1940 жылдар аралығында қазақ жеріне Батыс Украинадан, Белоруссиядан, Литвадан күшпен 12 миллионға жуық полякты көшіріп алып келді. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан уақытта Еділ өзенінің жағалауындағы немістер және Кавказдағы шешендер мен ингуштар көшірілді. Мұнан бөлек 50-ші, 60-шы жылдары Ресей, Украина, Белоруссиядан тың жерлерді игеру үшін 100 миллионға жуық адам көшіп келді. Нәтижесінде 1926 жылы республикадағы халықтың 57,1%-ын құраған қазақтар 1939 жылы 38%, ал 1959 жылы 30%-ға да жетпей қалды. Соңғы кездерде ғана қазақ халқының үлесі 50% шамасына жетіп қалды.
70-80 жылдардағы КСРО экономикасында, әлеуметтік-саяси өмірінде орын алған тоқырау Қазақстанда да көрініс берді. Жоспарлы экономика жүйесінің тоқырап қалуы бүкіл қоғамда сезіле бастады. Сондықтан да Қайта құру саясаты ашықтық пен демократияға сенген Қазақстан халқының жаппай қолдауына ие болды. Алайда 1986 жылы 17 желтоқсанда болған жастардың алғашқы демократиялық демонстранциясы зорлықпен басып-жаншылды. Осының өзі социалистік жүйенің мұнан ары өмір сүруге шамасы жетпейтінін көрсетті.
Қазіргі заманғы Қазақстан
90-шы жылдардың басында Қазақстан билігі қоғамдық-саяси жүйенің ауқымды трансформациясын бастады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Кеңес Одағы тарқардан сәл бұрын Қазақстан тәуелсіз республика статусына ие болды. Қазақстан Республикасы коммунистік партиясының бірінші хатшысы қызметінен көтерілген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болды. Президент Назарбаев өзінің көшбасшылық қасиеттерінің арқасында 2019 жылдың наурызында өз еркімен қызметінен бас тартқанға дейін президент қызметін атқарды. Тұңғыш президент Қазақстанды дамыған, заманауи бай елдің қатарына қосу үшін бар күш-жігерін жұмсады. 2019 жылдың наурызында билік Қасымжомарт Тоқаевтың қолына тапсырылды.

Қазақстан-Жапония
Жібек жолықауымдастығы