ҚАЗАҚ ТІЛІ
Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Қазақ тілі тек Қазақстанда емес, ірі қазақ диаспоралары қалыптасқан Орталық Азия мемлекеттерінде, Ресей Федерациясында, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Батыс Моңғолияда кең тараған.

Қазақ тілінің таралу аймағы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Қазақ тілі түркі тілдерінің (Шығыс Еуропадан Солтүстік Азияға (Сібір) дейінгі кең аумақта, Орталық Азиядағы Алтай тауларында және моңғол үстіртінің батысында мекен ететін халық сөйлейтін) солтүстік-батыс (қыпшақ) тобына кіреді.
Қазақ тілінде солтүстік-шығыс диалект, батыс диалект, оңтүстік диалект сынды үш түрлі диалект кездеседі.
Тарих ауанымен қазақ тіліне араб, парсы, моңғол тілдерінен кірме сөздер көп енді. Орыс тілінен енген сөздер де жиі кездеседі.
Қазақ халқының тарихында жазу-сызу мәдениетіне қарағанда ақпараттың ауыздан-ауызға тарауы басым болды. Бұл ауыз әдебиетінің дамуы мен кең тарауына ықпал етті.
Орталық Азиядағы түркі тілдеріне ортақ шағатай тілі жазба әдеби тіл ретінде пайдаланылды. Ол ауызекі тілге XIX ғасырдың екінші жартысында еніп, әдеби қазақ тілінің негізі қаланды. XIX ғасырдың соңында жарық көрген «Түркістан уәлаяты газеті» мен «Дала уәлаяты газетінің» қазақ тілінде басылуы да тілдің дамуына әсер етті. Оған қоса Абай мен Алтынсарин бастаған жазушылардың шығармалары әдеби қазақ тілінің қалыптасуына көп ықпал етті.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан араб жазуынан латын жазуына көшті, ал 1940 жылы қазақ жазуы кириллицаға ауысты.
Ал 2006 жылы Қазақстанның экс-президенті Н. Ә. Назарбаев 12-15 жыл ішінде қазақ тілін латын әліпбиіне жоспарлы түрде ауыстыру керек екенін жариялады. Ал 2012 жылдың желтоқсанында Қазақстан 2025 жылдан кешіктірмей кириллицадан латын әліпбиіне толығымен ауысатыны жарияланды.
Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанда, басқа Орталық Азия елдеріне қарағанда орыс тілінде сөйлейтін халық саны көп болды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына ие болғанымен, орыс тілі көпұлтты елдің негізгі қарым-қатынас тілі саналады. Ал қалаларда орыс тілін ана тілінен жақсы білетін қазақтар да аз емес. Дегенмен, үкімет қазақ тілінің елдегі негізгі тіл статусына ие болуына және қазақ халқының тілі қазақ тілі болуы үшін көп күш жұмсауда.
★Қазақ тілі жайлы қызық фактілер★
➊
Қазақ тілінде 15 миллионнан астам адам сөйлейді. Сондай-ақ, 1.8 миллионға жуық өзге ұлт өкілі белгілі бір деңгейде қазақша сөйлей алады деп есептеледі, олардың көпшілігі өзбек, ұйғыр, қырғыз, түрік, әзірбайжан және татар сынды түркі этникалық топтарының өкілдері.
❷
Қазақ кириллицасын Қазақстан, сондай-ақ Моңғолия жұрты қолданады.
С. А. Аманжолов әзірлеген, 1940 жылы қолданысқа енгізілген бұл әліпби орыс әліпбиінің 33 әрпін және қазақ тілінің 9 арнайы таңбасын қамтитын 42 әріптен тұрады.
❸
Иран, Түркия, Моңғолия, Ауғанстан және Германияда да қазақ тілінде сөйлейді.
Қазақстан Ресейдің Еділ аймағынан көшуге мәжбүр болған көптеген немістердің отанына айналған.
Кеңес одағының қайта құру кезеңінде тегі неміс көптеген кеңес азаматтары өздерінің тарихи отанына, Германияға оралды, осыған орай Германияда қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны едәуір өсті.
❹
Егер сіз қазақ тілінде сөйлей алсаңыз, түрік, әзірбайжан, қырғыз және басқа тілдерді де оңай түсінуге болады.
❺
Қазақ тілі – әлемдегі ең бай және әдемі тілдердің бірі. Қазақ тілінің сөздік қорында 166 000 сөз бар.
❻
Қазақ тілі, орыс тілімен қатар, алғаш ғарыш кеңістігіне шыққан тілдердің бірі.
Алғашқы спутникте қазақ тілінде «Жолдастар! Мына пакетті кім тапса, жақын жердегі жергілікті советке табыс етілсін» деп жазылған дерек қалта болған. Мұның мынадай қарапайым мәні бар.
Ғарыш капсуласы жоспарға сай белгіленген орынға қонбауы да мүмкін еді. Капсула қазақ даласына қонған жағдайда оған іздеушілерден бұрын ауыл тұрғындарының бірі бірінші болып жетуі, оның қазақ аңшысы немесе малшысы болуы ғажап емес. Шалғайдағы ауыл тұрғыны орысша түсінбеуі мүмкін болғандықтан, қазақ тіліндегі жазба да бірге салынған. Ал ағылшын, француз, қытай, жапон, т.б. тілдер ғарышқа кейіннен шыққан.
❼
Қазақ тілінде, көптеген шығыс тілдеріндегідей, етістік әрқашан сөйлемнің соңында тұрады.
❽
Көп лингвистер орыс тіліндегі "деньги" сөзі түркі тіліндегі «теңге» сөзінен шыққан деп болжайды.
Айтпақшы, Қазақстанның ұлттық валютасы "теңге" деп аталады.
Материал төмендегі сайттан алынған ақпараттардың негізінде жазылды

Қазақстан-Жапония
Жібек жолықауымдастығы