top of page
カザフスタン

Қазақстан мәдениеті

文学
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ

Ежелгі қазақ әдебиеті

Қазақ әдебиетіне қазақ авторларының Қазақстан аумағында қазақ тілінде жазған шығармалары жатады. Олардың алғашқылары шамамен XV ғасырда жазылған. 
   
Қазақ тілі жайлы бөлімде жазғанымыздай, қазіргі қазақ тілі жүйесі XIX-XX ғасырда қалыптасты, сол кезде оның грамматикалық құрылымының негіздері тұжырымдалды. Қазақтың бай ауыз әдебиетінің тамыры өте тереңде, ал парсы және шағатай тілдерінде жазған ортағасырлық авторларды қазақ әдебиеті тарихында елеулі із қалдырған алғашқы авторлар деп санауға болады.

«Қорқыт ата кітабы» эпосын X ғасырда өмір сүрген түркі ойшылы, жырау Қорқыттың өзі жазған делінеді. Кітап түркі тілінде жазылған.
«Қорқыт ата кітабының» ішінде желісі бөлек 12 түрлі жыр бар. Жырлардың көбінің бас кейіпкері – абыз әрі ойшыл Қорқыт ата. 
Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Сол себепті баланың атын «Қорқыт» деп қойған дейді. Кейбір ғалымдар «Қорқыт» сөзінің мәнін «құтты адам, құт әкелетін адам» деп көрсетеді.
   
«Қорқыт ата кітабында» түркілердің өмір мен өлімге деген көзқарасы бейнеленген. Шығармадан Қорқыттың өмір мен өлім жайлы ойларын оқимыз. XIX ғасырдағы қазақ интеллигенциясының өкілі Шоқан Уәлихановтың пайымынша, «Қорқыт ата кітабы» – қазақ руханиятының басты элементтерінің бірі. 

«Оғызнама» дастаны ежелгі оғыз халқының аңызға айналған бабасы Оғыз қаған жайлы баяндайды. Дастанда қағанның дүниеге келгенінен бастап, көрші князьдермен қақтығыстары, ерліктері, некесі мен тұрмысы, «Күн», «Ай», «Жұлдыз», «Аспан», «Тау», «Теңіз» атты ұлдары жайында, сондай-ақ оның ізбасарларының Орталық және Батыс Азияға саяхаттары жайында жазылған. Бұл аңызға айналған Түркі батырларын бейнелейтін ең танымал әдеби шығарма.

Қазақ поэзиясы және ауыз әдебиетінің өркендеуі

Қазақ әдебиетінің тарихы XIV-XV ғасырларда, қазақ халқы мен Қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңінен бастау алады. Бұл Ұлы Алтын Орда (XIII-XVIII ғасырлар) мен Жошы ұлысының дәуіріне келеді.

Жапонияда бұл дәуірді көбіне Қыпшақ немесе хандық дәуірі деп атайды, осы кезеңде жазылған шығармалар халық ауыз әдебиетінен ерекшеленетін қазақ жазба әдебиетінің дамуына негіз болды. Бұл кезеңде Сайф Сараи, Хафиз Хорезми, Хусам Кәтиб және Махмұд Кердері сияқты ақындардың еңбектері жарық көрді.

Қазақ әдебиетінің тарихы бізге поэзияның әдебиет жанры ретінде маңызды рөл атқаратынын, жалпы қазақ әдебиеттің көп бөлігін поэтикалық шығармалар құрайтынын көрсетеді.

ХХ ғасырға дейін қазақ поэзиясының дәстүрлі өкілі өз жанынан жыр шығарып айтатын, дастандар мен толғаулар орындайтын жыраулар болған. Жыраулардың арқасында біраз эпос, ертегі, ән мен жыр сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті. Қазақ фольклорында 40-тан астам жанр, оның ішінде қазақ әдебиетіне ғана тән арнау, жоқтау сынды ерекше жанрлар бар.

Қазақ ауыз әдебиетінде жырдың тұрмыс-салт жырлары, тарихи жырлар, батырлар жыры (батырлар мен олардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресі жайлы жырлар), лиро-эпостық жырлар (Қозы-Көрпеш-Баян-Сұлу, Қыз-Жібек сынды бірі-бірін құлай сүйген екі жас арасындағы махаббатқа құрылған лирикалық әрі эпикалық шығармалар) сынды түрлері бар.
   
Сонымен қатар, бірегей поэтикалық жанр, ақындар топ алдында суырып салып айтатын сөз сайысы – айтыс қалыптасты. Сайыс барысында ақындар бір-біріне қарап отырып, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен әндетіп диалог жасайды. Ақындардың тапқырлығы мен берген жауабы, музыка мен ырғақ көмегімен берілген тақырыпты өрбіту қабілеті бағаланады. Сайыс тақырыптары философиялық, әлеуметтік мәселелерді қозғауы мүмкін. Ақындар көбіне сатира, комедия жанрында немесе жұмбақтата жырлайды. Бұл жанр түрі Қазақстанда бүгінгі күні де танымал. 
 

XIX-XX ғасырлардағы қазақ әдебиеті 

Ресей мен Батыс Еуропа елдерімен мәдени диалог орнай бастағасын, поэтикалық жанр мен ауыз әдебиетінің өркендеуімен қатар қазақ жазба әдебиетінің шығармалары пайда бола бастады. Бұл үрдіс жүрген уақытта, XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінің қазіргі грамматикасы қалыптасты деуге болады. 
   
Ол кезеңнің ең жарқын тұлғаларының бірі қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, философ және композитор Абай (Ибрагим) Құнанбаев болды. Ол ағартушылық исламға негізделе отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасуды көздеді. Орыс және еуропа әдебиетінің 50-ден астам туындысын қазақ тіліне аударып, 20-ға жуық әуен, 170 өлең қалдырды. Абай шығармаларының ең танымалы 45 «ақ өлеңнен» тұратын «Қара сөздер» туындысы. «Қара сөздерде» ар-ұят, оқу-тоқу, тарих, құқық мәселелері көтерілген.
   
Осы кезеңдегі әдебиет майталмандарының қатарында Орталық Азия халықтарының тарихы, қоғамы мен мәдениетін зерттеген ғалым, шығыстанушы Шоқан Уәлиханов пен ғалым, фольклоршы Ыбырай Алтынсаринді атап өту керек.
   
Бір айта кететініміз, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ислам принциптеріне сүйеніп, еуропа және орыс мәдениетін ашқан мәдени реформатор, қазақтың ұлт ұстаздарының бірі ретінде құрметке ие Абай Құнанбаевтың шығармалары жапон тіліне де аударылған. Қазақ халқының философиялық пайымына, мәдениетіне және рухани қалыптасуына зор әсер еткен Абай шығармашылығынан жапондар да толық ләззат ала алады.
   
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ әдебиеті біртіндеп батыс әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктерін сіңіре бастады. Мысалы, әңгімелер мен романдар сияқты жаңа стилистикалық бағыттар пайда болды. 1910 жылы қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет «Бақытсыз Жамал» романы жазылды. Роман авторы Міржақып Дулатұлы – белгілі ақын және прозаик, Алашорда үкіметі мен Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшыларының бірі. Ол 1911 жылы Патшалық Ресейде саяси көзқарасы үшін қамауға алынып, 1 жыл 8 ай бас бостандығынан айрылды. Кеңес заманында да, дәлірек айтсақ, 1928 жылы тағы қамауға алынып, өлім жазасына кесілді. Кейіннен бұл жаза жеңілдеп, оның орнына 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Міржақып Дулатов 1935 жылы лагерьде қайтыс болды.

XIX-XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің бір ерекшелігі – екі жазу стилінің қатар өмір сүруі. Бірі араб, парсы тілдерінен енген сөздерді көптеп қамтитын діни сарындағы әдеби шығармалар болса, екінші жағынан Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев шығармашылығынан бастап жаңа әдеби туындылар легі қалыптасты. Шамамен осы кезеңде қазіргі жазба тілі мен әдебиет нормалары түпкілікті қалыптасып, жаңа жанрлар мен стильдер бірінен соң бірі дүниеге келді. Бұл үдеріс ХХ ғасыр басында А. Байтұрсынұлы сияқты көрнекті әдебиет қайраткерлерінің шығуына үлкен үлес қосты. А. Байтұрсынұлы Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударып, кейін «Маса» атты жеке өлеңдер жинағын басып шығарды. Ол сондай-ақ, қазақ тілін шетелдік сөздерден тазартуды қолға алып, тіл білімі саласында да біршама зерттеулермен айналысты. Соның нәтижесінде оның жетістіктері күні бүгінге дейін жоғары бағаланып келеді. 

Қазіргі қазақ тілінің стильдік құрылымын жасаушылардың бірі ақын Мағжан Жұмабаев жайлы да айта кету керек. Оның ұлттық поэзияның дамуына қосқан үлесі Абай Құнанбаевтың ықпалынан кем түспейді. М. Жұмабаевтың шығармалары газет-журналдардың көпшілігінде жарияланды. Сол дәуірдегі әдебиет өкілдерінің бірі – Спандияр Көбеев. Оның 1913 жылы жарық көрген «Қалың мал» романының жарық көруі қазақ әдебиеті тарихындағы маңызды жаңалықтың бірі болды. 

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің қайраткерлері

Қазақстанның Кеңес Одағының құрамына қосылуы және Кеңес өкіметінің қатаң режимі қоғамдық-саяси жүйеге ғана емес, қазақ әдебиетінің дамуына да айтарлықтай өзгерістер енгізді. 1924 жылы қазақ жазуы мен емле реформасы басталды. Бұл реформа кезінде алғашында араб жазуы, кейін латын әліпбиі негізге алынды (ол 1940 жылға дейін қолданылды). Алайда кейін қазақ әліпбиін орыс тілімен байланыстыру қажеттілігі туындап, нәтижесінде кириллица негізіндегі қазақ әліпбиі қолданысқа енді.

Елдегі жалпы прогресс пен даму әдебиет әлеміне де септігін тигізді. 1926 жылы Қазақстанның пролетариат жазушыларының ассоциациясы (ҚазАПП), бірнеше жылдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Бұл кезеңнің көрнекті өкілдері деп Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин сынды жазушыларды атауға болады. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында азаматтық және патриоттық поэзия мен проза қатар дамыды. Соғыстан кейін әңгіме, пьесадан бөлек әдебиеттің көрнекті өкілі Шахмет Хұсайынов ұсынған драматургия, Шоқан Әлімбаев ұсынған ғылыми-фантастикалық жанрлар да қарқынды дами бастады.
 

Қазақ балалар әдебиетінің гүлденген кезеңі дәл осы совет заманына тап келді. Сапарғали Бегалин («Жылқышы қыз», «Қыран кегі», т.б.) мен Бердібек Соқпақбаевтың («Он алты жасар чемпион», «Балалық шаққа саяхат», т.б.) әңгімелері мен повестері қазақ балалар әдебиетінің шыңы саналады. Бұл шығармалардың басты кейіпкерлері – достық пен әділдікке сеніп, қиындыққа тап болса да дұрыс таңдау жасай алатын батыл да, шыдамды балалар.

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті туралы сөз қозғағанда, жасы 99-ға жеткен атақты ақын Жамбыл Жабаевты да айта кету керек. Оның еңбектері Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің классикасы болып есептеледі.

Ол 19 ғасырдың ортасында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келіп, өмірінің соңына дейін мәнді-мағыналы өмір сүрді. Жамбыл домбыра тартуды үйреніп, 12-14 жасында үйінен кетіп, ақын болуды мақсат тұтты. Жылдар бойы айтысқа қатысып, толғау айтқан. 1917 жылы революция кезінде Жамбыл Жабаев 70 жаста еді. Сол уақыттағы өзгерістер оның шығармашылығына жаңа күш берді.

 

Ол революция идеяларымен сусындаған. Атап айтсақ, Ленин, Сталин, Калинин сынды Кеңес басшыларының қаһармандығын сипаттаған шығармалар жазған. 1940 жылдары ол Қазақстанның ең танымал, ең құрметті ақынына айналды. 1941 жылы оған мемлекеттік сыйлық беріліп, есімі мәңгі аңыз боп қалды.

Кейінгі шығармалары саяси реңге ие болғанымен, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жоғары бағаланады. Оның поэтикалық стилі қарапайым және түсінікті баяндалуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, психологиялық сарында, батылдық пен терең сезімді біріктіре отырып оқырманына жеткізеді. Жамбыл Жабаевтың шығармаларында әлеуметтік сатира, халықтың тұрмыс-тіршілігін суреттеу, лирикалық әндер, поэмалар, ертегілер, проза мен поэзия, ауызша туындыларды кездестіруге болады. Оның мұрасы – әр түрлі жанрдағы шебер туындылар.

カザフスタン

Олжас Сүлейменов

Фото news.tj 

Кеңес дәуірінде шығармашылық жолға түскен қазақ әдебиетінің тағы бір көрнекті өкілі – ақын, прозаик, әдебиеттанушы, дипломат, әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.
Ол лингвистикалық зерттеулердің авторы ретінде танылып, ұлтшылдық пен пантүркизм рухымен сусындаған ой-пікірлерін бөлісіп жүретін. О. Сүлейменов 1936 жылы бұрынғы офицердің отбасында дүниеге келген. Ол геология факультетін бітірген соң, біраз уақыт сол салада жұмыс істеді. Уақыт өте Мәскеу әдебиет институтына оқуға түсіп, журналист, филолог болып еңбек жолын жалғастырды. О. Сүлейменов 1961 жылы адамның ғарышқа тұңғыш ұшқанын суреттейтін «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы жарық көргеннен кейін танылып, мойындала бастады.
«Мешін жылы» және «Қыш кітап» атты бірнеше томдық поэзиясы мен романдарын басып шығарғаннан кейін Сүлейменов қоғамдық-саяси қызметтің шарықтау шегіне жетіп, 1975 жылы «Аз и Я» кітабын жазды. Шығармада орыс тілінің көп сөздері түркі тілінен алынған деп айтылғаны оқырман назарын аудартты. Сонымен қатар, қазақтар мен ежелгі шумерлер арасындағы көптеген ұқсастықтарды тапқан. Нәтижесінде кітап үлкен резонанс тудырды. Содан оны басып шығаруға тыйым салынды. Ал Сүлейменовтың шығармалары 8 жылға жуық жарыққа шықпады. Одан кейін ХХ ғасырдың аяғында ол Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілі ретінде осы идеяны дамытуды жалғастырды.

қазіргі қазақ әдебиеті

Соңғы онжылдықтағы қазақ әдебиетінің жалпы даму тенденциясы авторлардың Батыс постмодернизмін түсінуге, постмодернизм тезистерін шығармашылығында қолдануға деген ұмтылысынан байқалады. 
Қазақ жазушыларының бұрынғы атақты шығармаларына деген көзқарас өзгеріп, қуғын-сүргінге ұшыраған авторлардың шығармашылығына деген қызығушылықтың артқанын байқауға болады. Сонымен қатар, заманауи Қазақстанда бір мезетте бірнеше әдеби қабаттың дамып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, қазақ жерінде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері (қазақ, өзбек, неміс) шығармаларын орыс тілінде жазып жүр, оған қоса «Қазақстандық орыс әдебиеті» және бар. 
Орыстілді жазушылардың шығармашылығын бірнеше мәдениеттің бірегей әдеби симбиозы деуге болады. Бұның дәлелі –  Роллан Сейсенбаев, Бақытжан Қанапьянов, Александр Кан, Сатимжан Санбаев шығармалары.
Сонымен қатар, Елена Терский, Тигран Туниянец, Әйгерім Тәжі, Александр Варский сынды өзіндік жеке стилі бар авторлар оқырманға жақсы таныс. Қазіргі қазақ әдебиеті өзінің айрықша ерекшеліктерін толық сақтай отырып, әлемдік үрдістерге ілесіп келеді. Осы орайда ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті дегенде еске түсетін авторларды атап өтейік.

●Герольд Бельгер

カザフスタン

сайтынан алынды.

Фото Today.kz: UGC

Герольд Бельгер – неміс ұлтынан шыққан қазақ жазушысы. Қазіргі таңда еңбегі ең көп сатылатын қазақ жазушыларының бірі. Өз кітаптарында автор балалық шағын еске алып, екі халықтың тарихы мен мәдениетінен сыр шертеді. Бельгер шығармалары қарапайым, түсінікті жазылған әрі ашықтығы мен турашылдығымен ерекшеленеді. Оның кітаптары жалпы адами құндылықтарға негізделген дана кеңестерге толы.

●Илья Одегов

Илья Одегов – жазушы және әдеби аудармашы. «Звук, с которым встаёт Солнце» (2003), «Любая любовь» (2013) және «Тимур и его лето» (2014) жинақтарының авторы. 2003 жылғы «Қазіргі Қазақстан романы», 2013 жылғы ресейлік «Русская премия» сынды бірнеше сайыс жүлдегері.

● Карина Сәрсенова

カザフスタン

сайтынан алынды.

Фото mk-kz.kz: UGC

Белгілі кәсіпкер Рашид Сәрсеновтің қызы Карина Сәрсенова – драматург, ақын, жазушы, сценарист және психолог, сонымен қатар Қазақстандағы ең ірі продюсерлік орталықтың негізін қалаушы. Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Еуразия шығармашылық одағының президенті, «неоэзотерикалық фантастика» деп аталатын жаңа әдеби жанрдың авторы. Ол Ресей, Қазақстан және Қытай елінде жарық көрген 19 романның, сондай-ақ бірнеше фильм мен мюзиклдің сценарий авторы. Еңбектері Ресейдің, Еуропаның, Американың және Қазақстанның әдеби журналдарында көптеп басылған. Сәрсенова «Қадамдар» сыйлығының лауреаты. Оның өлеңдері француз, ағылшын және армян тілдеріне де аударылған.

●Сабыр Қайырханов

カザフスタン

сайтынан алынды.

Фото facebook.com

«Ақ Жайық» апталық газетінің бұрынғы редакторы, журналист Сабыр Қайырхановтың «Синхро» атты алғашқы кітабы 2014 жылы жарық көрді. Сыншылар бұл шығарманың жақсы да, жаман да жақтарын атап, түрліше бағалады. Автор өзіндік, жалдаптық фантастика жанрында жазуын жалғастырып келеді. «Синхро» романында бейнеленген оқиғалар қиялдан туған әлемде өрбиді. Қайырхановтың кітаптарында мистицизм детективтік- фантастикалық интрига әлемімен астасып жатады. Жазушы шығармаларындағы сюжеттің фантастикалық сипатына қарамастан, Қазақстандағы орыс жазушылары сирек айтатын нәзік тақырыпты – Семей ядролық сынақ полигонында сақталған ядролық қалдықтардың қоршаған ортаға жойқын әсері туралы қозғағанын айта кеткен жөн.

●Аян Құдайқұлова

カザフスタン

сайтынан алынды.

Фото facebook.com

Жедел әлеуметтік-психологиялық проза жанрында қалам сілтеп жүрген Аян Құдайқұлова алғашқы туындысын 2011 жылы жариялап, 2013 жылы Қазақстандағы ең танымал бестселлердің авторы атанды. Ол «Коконың сөмкесі», «Карнел сақинасы» және «Эйфель мұнарасы» сияқты романдар жазды. Оның жұмысының негізгі тақырыптары – отбасы және қоғам мәселелері.

●Михаил Зельцер

カザフスタン

сайтынан алынды.

Фото TopDoc.me: UGC

Танымал жазушы Михаил Зельцердің негізгі мамандығы – эндокринолог. Ол медицина саласындағы жетістіктерімен танылды. Бірақ орта жасында әдебиетке қызығып, жаза бастады. Құмарлығының артуы нәтижесінде ол халық қалаулысына айналды. Зельцердің кітаптарын оқу оңай. Оқырмандарды әлеуметтік проблемаларға басқаша көзбен қарауға итермелейді.

●Ильмаз Нургалиев

カザフスタン

сайтынан алынды.

Фото voxpopuli.kz: UGC

Негізін қазақтың көне фольклорынан алатын қазақ фэнтези жанрының негізін қалаушылардың бірі Ильмаз Нұрғалиевті Қазақстандағы жас қаламгерлердің көшбасшысы деуге болады. Автордың шығармалары «Дастан және Арман» кітаптар сериясымен ұсынылған.

●Кира Нуруллина

カザフスタン

сайтынан алынды.

Фото TopDoc.me: UGC

Талантты жас қаламгер Кира Нуруллинаның шығармашылығы қазақ жеткіншектерінің жүрегін жаңғыртқан тылсым сырлар мен жұмбақтарға толы. Оның «Катрина» романы сюжеті жағынан «Вампирлер академиясы» мен «Ымыртты» еске салғанымен, өзіндік ерекшелігінің арқасында оқырман жүрегіне жол таба білді. Кира болашағынан зор үміт күттіретін жазушы.

Ғалымжан Құрманғалиев

カザフスタン

Фото gonzo.kz: UGC сайтынан алынды.

Қысқаша шолуымызды талантты жас ақын Ғалымжан Құрманғалиев аяқтайды. Оның өлеңдерін неоромантизмге жатқызуға болады. Оның терең лирикалық шығармалары трагедияға толы.

Материал төмендегі сайттардан алынған ақпараттардың негізінде жазылды: 
➡Сайтқа өту

➡Сайтқа өту

カザフスタン

​Қазақстан-Жапония

Жібек жолықауымдастығы

Контактілер

Хатшылық мекен-жайы

Sanei Building 3F, 5-23-7 Shimbashi, Minato-ku, Tokyo 105-0004

Телефон нөмірі

ТЕЛ: 03-3432-2250      ФАКС: 03-6809-2292

bottom of page