
Жапон мәдениеті
ЖАПОН КИНОСЫ
Үнсіз кино дәуірі
Кейіннен фотоаппараттар мен фототаспалардың әлемдік деңгейдегі өндірушісіне айналған Konica Corporation компаниясының басында тұрған Konishi Photo Studio 1897 жылдың қазан айында Англиядан камера импорттайды. Алайда сату үшін алып келген аппаратты қалай пайдалану керегін білмегендіктен, оны сатылымға шығара алмайды. Осылайша тексеріп көру үшін Кониши фотостудиосының 20 жасар қызметкері Широ Асанаға кішігірім бейнетаспа түсіру тапсырылады. Қайта-қайта қателесіп, қайта түсіріп жүріп, Широ Асана 31 желтоқсанда Нихонбаши көрінісін бейнелейтін «Nihonbashi no Tetsudo Washa» атты фильмді ақыры түсіріп шығады.
Бұл жапондар түсірген ең алғашқы фильм еді. Широ Асано «Nihonbashi no Tetsudo Washa»-дан басқа тағы да бірнеше қысқаметражды фильмдер түсірген.
Жалпы, ең алғашқы жапон фильмі 1899 жылы Цунэкити Сибато түсірген «Момидзигари» болып есептеледі. Бұл Кабукидза театрында тажалдардың талқандалуын бейнелейтін «Момидзигари» пьесасы қойылып жатқан кезде түсірілген деректі фильм. Бейнеролигін мына сілтеме арқылы көре аласыздар
Сауда компаниясы және Жапонияның ең алғашқы кинокомпаниясының бірі болған Yoshizawa Shoten 1903 жылы Асакусада Жапониядағы ең алғашқы Denkikan кинотеатрын ашты. 1908 жылы шыққан «Хоннодзидегі шайқас» фильмі ең алғашқы толыққанды көркем фильм болса, оны түсірген Сёдзо Макино Жапонияның ең алғашқы кинорежиссеры болды.
Үнсіз кино дәуірінің алғашқы кездерінде кино көрсетілім кейде бірнеше сағатқа созылып кететін. Себебі кино бар-жоғы 20 минут қана болса да, таспаны ауыстыруға өте көп уақыт кететін. Әр таспаны ауыстырған сайын экранды сумен суытып отыру керек болғандықтан, кино көрсету созылып кететін.
1932 жылға дейін созылған үнсіз кино дәуірінде образдардың дамуын түсіндіріп отыратын «Кацудо Бенши» немесе «Бенши» деп аталатын арнайы адам отырды. Еуропа мен Құрама Штаттарда фильмдер фондағы диалогтар мен комментарийлер арқылы және жанды музыкамен көрсетілетін. Ал Жапонияда баяндау мәдениеті Нингё Дзёрури және театрландырылған қойылымдар арқылы дәстүрлі орындау өнерінде әбден қалыптасқан еді. Сондықтан да Жапонияда фильмнің мазмұнына байланысты сценариін жазып және оны көрсетілім барысында қосыла баяндап отыратын бенши атты жаңа мамандық түрі мен мәдениет қалыптасты. Қарапайым көрермендер үшін бенши киноны бағалайтын маңызды критерийлердің біріне айналды. Бенши тек қана бейнетаспаның мазмұнын ғана айтып отырмаған, сонымен қатар ол жапон аудиториясына шетел киносында кездесетін, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты концепциялар мен элементтерді және түрлі жесттер мен мимикаларды да түсіндіріп отырды. 19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басындағы Жапония мен Еуропадағы мазмұнды толықтырып жеткізу әдісінің айырмасы үлкен болды. Көрерменді шатастырмау үшін, болып жатқан оқиғаларды жақсы түсіндіру үшін, оқиғаны түрлендіріп жеткізу үшін бенши дауысын құбылтып, түрлі тонмен сөйлеп отырды. Сондықтан бэнши өзінше бір «актер» есебі болды десек болады.
Үнсіз кино деп тек қана бейнеден тұратын, үні жоқ киноны айтса керек. Бірақ жоғарыда айтып кеткенімізге сәйкес, шындығына келгенде жапон кинематографиясында үнсіз кино болмаған сияқты. Бенши сахнада жатып алып, экран мен көрерменге кезек қарап отырып сөйледі. Сондықтан да ол кездегі кинотеатрларда міндетті түрде сахна болды.
Айта кететін бір жайт, кинотехниканың дамуымен, дыбысты киноның шығуымен бенши мамандығы керек емес болып қалды. Алайда бенши болып жұмыс істейтін адамдар әлі де кездеседі.

Қазіргінің беншиі Кумико Омори
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту
«Кел, билейік» блокбастерін түсірген режиссер Масаюки Суо да 2019 жылы бенши тақырыбына арналған «Кацубен» фильмін түсірді.
1900 жылы алғашқы кинохроникалар пайда болды.
1903 жылы Токиода ең алғашқы кинотеатр ашылды.
1908 жылы (Мэйдзи дәуірінің 41 жылы) алғашқы киностудия ашылды.
Ертеректегі жапон киносы театрмен бірге дамыды.
Актерлардың ойыны, костюмдер, декорациялардың барлығы театрға тән болды. Дәстүрлі кабукидағыдай барлық әйел адамдардың рөлін еркектер ойнады. 1910 жылдардың екінші жартысында ғана кинода ерекше амал-тәсілдер қолданыла бастады. Масао Иноуэның 1917 жылы түсірген «Капитан қызы» фильмінде үлкен планмен алу, қимыл-қозғалыстың ерекше түрлері мен қысқарту сияқты тәсілдер қолданылды. Алайда театрдың элементтері шетелдік кинолардың ықпалымен ақырындап шеттеп қала берді.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін шыққан киноиндустриядағы «Таза кинодрама қозғалысы» атты революциялық жаңалық туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл идеяны Норимаса Каэрияма, Дзюнъитиро Танидзаки, Каору Осанаи және Эйдзо Танака ұсынды. Әйел әртістерді киноға тарту (әйел рөлін еркектер ойнау әдісінен бас тартты), субтитрларды қолдану (беншиден бас тарту), шынайы ойын, заманауи мазмұндағы сюжеттер ұсыну, кинематографиялық тәсілдерге жүгіну, ойын мен қойылымда реализмге бет бұру және де басқа батыс фильмдеріне еліктеу қолға алынды. Бұл Кабуки мен Шинпа театрының ықпалындағы жапон фильмдерін біршама жаңашылдыққа бастады.
1923 жылғы Канто ірі жер сілкінісінің салдарынан Токиодағы заманауи драмалық фильмдер өндіретін студиялардың барлығы қирап қалды. Кино түсіру ісі көне театр орталығы болған Киотада ғана жалғасты. Жапон қоғамы үшін әйел әртістер қалыпты жағдайға айналды, сонымен қатар режиссураның да тәсілдері дами бастады. Осылайша қатып қалған шеңберден шығып, толыққанды жапон фильмдері түсіріле бастады.
Жапон фильмдерінен театр элементтерін алып тастаған Сёдзо Макинодан бастап, түпнұсқаға барабар жапон киносын түсіретін Бунтаро Футагава, Генри Котани, Ёсихико Ушихара, Ясудзиро Симадзу, Дайсуке Ито, Хейносукэ Госё және Ясудзиро Одзу сынды режиссерлер легі пайда болды.
Дыбысты киноның шығуы
Киноны даусымен қоса түсіру әрекеті фильмдерді импорттаумен қатар жүрді. Біраз уақыт part-talkie форматы танымал болды. 1931 жылы Госё Хейносукэның «Көрші әйел мен өз әйелі» атты толықметражды фильмі жарыққа шықты.

Хейносукэ Госёның «Көрші әйел мен өз әйелі» фильмі
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту
Ясудзиро Одзу сияқты кейбір мамандар дыбысты киноға қырын қарады. Алайда бұл кезеңде мықты капиталы бар ірі компаниялар үнсіз фильмнен дыбысты фильмдерге белсенді түрде өте бастады. 1935 жылдарға қарай үнсіз фильм мүлдем шеттеп қалды. Қаржы жағынан тапшылық көрген кейбір тәуелсіз кәсіпқойлар шамамен 1938 жылға дейін үнсіз фильм түсіруді жалғастырып келді. Осындай тенденцияның барысында ірі компаниялар майда-шүйде студияларды ақырындап жұтып қойды. Осы уақыттарда Жапонияда голливудтық стильдегі кино өндірісі әбден жолға қойылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жапон киноиндустриясы
1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде, бұл оқиға жапон киноиндустриясына әртүрлі әсер етті. 1939 жылы қабылданған кино туралы заң кино өндіруге, таратуға рұқсат алуды, режиссерлар мен актерларды тіркеуді талап етті. Түсірілуі керек фильмдердің сценарийлерін қатаң цензурадан өткізді. Соғысқа дейін құрылған көптеген тәуелсіз студиялар бірнеше рет жабылып, қайта ашылды. Ал киноиндустрияның ауқымы тарылып, Toho, Shochiku и Daiei сияқты үш компания ғана қалдырылды.
1941 жылдарға қарай Жапонияда түсірілген фильмдер саны жағынан АҚШ-қа ғана жол беретін. Жылына 500 киноға дейін түсірілді деп те айтылады. Ал соғыс аяқталған 1945 жылы ол көрсеткіш 26 фильмге дейін төмендеп кетті. Бір жағынан, Жапония билігінің қол астында болған Тайвань, Корея, Манжурия, Индонезия сияқты елдерде кино жапондандыру саясатын жүргізуге өте тиімді құрал ретінде өте белсенді түрде көрсетілді.
Оккупация кезіндегі жапон киноиндустриясы
1945 жылы Жапония Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген соң, Одақтас державалар жоғарғы басқолбасшысының бас штабы Жапонияны жанама түрде басқара бастады. Жапонияда түсірілетін кинолар штаб-пәтерге қарайтын CIE (Азаматтық ақпарат және ағарту бюросы) арқылы басқарылды. Басқарудың бұл жүйесі 1952 жылға дейін жұмыс істеді. Кез келген жұмыс жоспарлау мен сценарий жазу кезеңінде міндетті түрде ағылшын тіліне аударылып, CIE бекіткен фильмдер ғана түсірілуге рұқсат алды. Мұндай цензура бұрын түсіріліп кеткен фильмдерге де қатысты болды. 1945 жылы CIE ұлтжандылық, патриотизм, өзіне қол жұмсау, кек алу мен қатігездікті насихаттайтын фильмдерге тыйым салды. Бұл тарихи драмалар түсіруді мүлдем шектеп тастады. Мұнан бөлек, Бас штабтың нұсқауымен демократияны мадақтайтын үгіт-насихат фильмдері түсіріле бастады. Сонымен қатар, ультраұлттық, милитаристік және феодалдық идеялар бар фильмдерді көрсетуге мүлде тыйым салынып, олар мүлдем жойылды.
Жапон киносының алтын ғасыры
Алайда 1951 жылы Сан-Франциско бейбіт келісіміне қол қойылды да, келесі жылы штаб-пәтер фильмдерге цензураны алып тастады. Нәтижесінде көрсетуге тыйым салынған тарихи драмалар түсіру қолға алынып, киноиндустрия қайта жанданды. Көптеген фильмдер түсірілді. 1950 жылдарға қарай Жапония кино түсіруден әлемде бірінші орынға шықты. 1958 жылы 504 кино түсіріліп, кинотеатрға барған көрермендердің саны 1,2 миллиардқа жетті. Toho, Shochiku, Nikkatsu, Daiei және Toei сынды кинокомпаниялар тез дамып, жаппай кино өндіру ісінің алдына шықты.

Режиссер Акира Куросаваның «Расёмон» фильмі
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту

Режиссер Кендзи Мидзогутидың «Угецу моногатари» фильмі
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту

Режиссер Тейносукэ Кинугасаның «Тозақ қақпасы» фильмі
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту

Қазақстан-Жапония
Жібек жолықауымдастығы