
Жапон мәдениеті
Жапон киносы
1960 жылдардағы жапон киноөндірісі
1960 жылдарға қарай 547 кино түсірген жапон киноөндірісі өзінің ең биік шыңына жетті. Бұл тарихтағы ең жоғарғы көрсеткіш еді. Бір қарағанда киноөндіріс енді толасссыз дами беретіндей көрінген. Алайда 1950 жылдардың аяғынан бастап жапон киноөндірісі тоқырауға ұшырап, көрермендердің саны күрт азая бастады. 1958 жылы көрермендер саны 1,2 миллиардқа жетсе, 1963 жылы бұл көрсеткіш екі есе азайып, 500 миллионнан сәл ғана асатын көрермен қалды.
Мұндай құбылыстың негізгі себебі 1953 жылдан бастап пайда болған теледидардың жылдам таралуы еді. 1959 жылы императордың тақ мұрагерінің үйлену тойынан кейін теледидар дүйім жұрттың арасында кеңінен тарала бастап, 1964 жылғы Токио олимпиадасынан кейін оның таралуы тіпті жылдам қарқын алды. Нәтижесінде адамдар кинотеатрға баруды азайтып, теледидарға өте бастады.
Соғыс, дискриминация, кедейлік сияқты әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, солардың ықпалындағы әлсіздердің бейнесін жанашырлықпен әдемі суреттейтін туындыларды жариялап келген Тадаши Имаидың «Анау порттың жарығы» фильмі, қарттар мәселесін көтерген «Комедия: Жапонның әжелері» фильмі, феодалдық қоғамның қатігездігін жеті оқиғамен сипаттап, 13-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде «Алтын аю» жүлдесін жеңіп алған «Бушидоның қатігездігі» фильмі, отбасы және адамдар арасындағы қарым-қатынас жайлы сөз еткен туындыларды көптеп дүниеге әкеліп, жапон кинематографы тарихында үлкен із қалдырған Ясуджиро Одзудың дүние салғаннан кейін жарық көрген туындысы, қартайған әке мен тұрмыс құратын жасқа жеткен қызының көңіл иірімдерін нәзік бейнелейтін «Шортанның дәмі» фильмі, үкімет жек көретін адамдардың қорланған күйін суреттеп, өзі де үкіметке қарсы позиция ұстанған Нагиса Ошиманың қауіпсіздік үшін күресті бейнелейтін «Жапон түні мен тұман» фильмі, өлім жазасы тақырыбын көтерген «Дарға асу» фильмі, сол кездің дәстүрлі форматынан бас тартып, қылыштың шапқан даусын нақ беру, қатігез көріністерді ашық көрсету сияқты, тарихи драмалардың нағыз тартымды тұстарын толық беріп, кейінгі туындыларға үлкен ықпал тигізген Акира Куросаваның «Оққағар», «Цубаки Санджюро» фильмдері, Кобо Абенің романы негізінде түсірілген, авангардтық және сюрреалистік адам драмасының шедеврі саналатын Хироши Тешигахараның «Құм құрсауындағы әйел» фильмі, Цутому Минакамидің (Мидзуками) аттас романы бойынша түсірілген адам жүрегінде бұғып жатқан түнекті әсерлі суреттейтін Тому Учиданың «Аштық бұғазы» фильмдерін мысалға келтіре аламыз.

Ясуджиро Одзу «Шортанның дәмі»
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту

Акира Куросава «Оққағар»
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту
1970 жылдардағы жапон киноөндірісі
1970 жылдардағы жапон киносы әлеуметтік және саяси өзгерістердің ықпалымен киноның жаңа бейнелеу формалары пайда болған кезең еді.
Одан бөлек, атыс-шабыс жайлы фильмдер мен романтикалық порнофильмдер белсенді түрде шығарылып, жұрттың ықыласына бөленді. Үрей шақыратын фильмдер түсірудің арнайы ерекше тәсілдерін кеңінен қолданған Широ Моританидың «Су басқан Жапония» фильмі, Кацумуне Ишиданың «Токио шығанағының өртке орануы» фильмі де көрермендер көңілінен шықты. Сондай-ақ, Сого Ишиидің «Шынайы тарих: Біріккен Қызыл Армияның Асама Сансоға сапары» фильмін де осы қатарға жатқызуға болады.
Айтқандай, 1978 жылы шыққан Сого Ишиидің «Шынайы тарих: Біріккен Қызыл Армияның Асама Сансоға сапары» фильмі 18 жастан асқандар ғана көре алатындай шектеу қойылған алғашқы жапон киносы болды. Бұл фильмдегі сөз саптау еркіндігі қоғамда айтыс-тартыс тудырды. Бұдан бөлек, 1979 жылы Шёчику Офуна студиясында үлкен өрт болып, бұл оқиға кино саласына үлкен әсерін тигізді.

Широ Моритани «Су басқан Жапония»
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту
Алайда жалпы 1970 жылдары да жапон киносының көрермендерді тарту күші кеміп, киноөндірістің болашағы бұлыңғыр тартқан еді. 1950 жылдардан 1960 жылдарға дейінгі аралықта шыққан 10 фильмнің алтауы көп кіріс алып келсе, 1970 жылдардың аяғында 10 фильмнің тек екеуі ғана хитқа айналды. Көрермендердің саны да өзінің ең биік көрсеткішінің жетіден бір бөлігіне дейін бір-ақ төмендеп кетті. Әлем елдерінің ішінде киноөндірісі осындай деңгейде тоқырауға ұшыраған бір де бір мемлекет жоқ екен.
Осындай кезде, қаржыға бай және тиімді жарнама жасай алған Kadokawa Films компаниясы еуропалық фильмдерге және телеөнімдерге жол беріп келген жапон киноөндірісінің тоқырауын артқа тастап, бірқатар блокбастерлер шығарды. Масаши Йокомидзоның шығармасының желісімен түсірілген Кон Ичикаваның «Инугами әулеті» фильмі, Сейичи Моримураның шығармаларының желісімен түсірілген Джуня Сатоның «Адамгершілік дәлелі» және «Жабайы табиғаттың дәлелі» фильмдері сияқты шедеврлерді дүниеге әкелген Kadokawa Films компаниясы, негізінде, 1975 жылы Kadokawa кітап дүкені желісінің президенті болған Харуки Кадокаваның «кино өнері кітап сатылымын кең жолға қоятын ұлы күш» деп шешіп, 1976 жылы кино түсіруді мақсат еткен Kadokawa Haruki офисін құруынан бастау алған. Бұл жапонның киноөндірісіне жаңа серпін берді.

Кон Ичикава « Инугами әулеті »
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту
Сонымен қатар, 1970 жылдары анимация мен деректі фильмдер саласы да дамып, өз болашағының негізін қалады деп айтылады. Оның ішінде 1977 жылы Toei компаниясы таратқан «Ямато ғарыш линкоры» сериалы жапон фильмдері категориясында бірінші орын алды. Бұл жапон анимация тарихында осындай дәрежеге жеткен алғашқы өнім еді. 1970 жылдардың аяғынан 1980 жылдардың басына дейін болған аниме бумының бір өкілі ретінде бұл туындының әлі де болса өз көрермендері бар.

Рейджи Мацумото «Ямато ғарыш линкоры»
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту
1970 жылдарды, сондай-ақ, 1969 жылы басталған Йоджи Ямаданың «Отоко ва цурай йо» атты сериалының ұлттық танымалдыққа ие болған шағы деуге болады. Кийоши Ацуми 1969 жылы шыққан алғашқы сериясынан бастап 30 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз осы сериалдағы басты рөл Тора-санды ойнады. 1996 жылы Кийоши Ацуми қайтыс болғанға дейін 48 серия түсірілді. 1983 жылы бұл сериал «әлемдегі ең ұзақ сериал» ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген. Басты кейіпкер Тора-санның жер-жерді аралап, бастан кешірген адамгершілікке тола түрлі оқиғаларын баяндайтын бұл сериалды әлі күнге дейін көптеген адам сүйіп көреді.

Йоджи Ямада «Еркек болу қиын-ақ» сериалы
Сурет мына сайттан алынды ➡Сайтқа өту

Қазақстан-Жапония
Жібек жолықауымдастығы