top of page
カザフスタン

Қазақстан мәдениеті

映画
ҚАЗАҚ КИНО ӨНЕРІ

Қазақстанда кинематографияның пайда болуы

Қазақстанда алғашқы киноның көрсетілімі 1910 жылы Верный қаласында (қазіргі Алматы қаласы) болды. Сол жылы Көкшетауда ең алғашқы жазғы кинотеатр пайда болды. Келесі 1911 жылы Верныйда «Электротеатр ХХ век» деген атпен ең алғашқы тұрақты кинотеатр ашылды. Алайда бұл жобалардың барлығы таза коммерциялық болғандықтан, елдегі кино өнерінің дамуы мен киноиндустрияның құрылуына алып келген жоқ. 1930 жылы Алматыда «Алма-Ата», «Алатау», «Ударник», Қарағандыда  «Казахстан»,  «Шахтер», ал Қызылордада «Амангелді» деген аттармен үлкен кинотеатрлар соғылды.

Қазақ кинематографиясының алғашқы қадамдары

Қазақ кинематографиясының алғашқы қадамы 1925 жылы Қызылорда қаласында өткен Республиканың V съезін бейнетаспаға түсірген кезде жасалды деп айтуға болады. Сол жылы ленинградтық «Совкино» киностудиясы Қазақстан туралы «ҚазАССР-ның 5 жылдығы» атты деректі фильм түсірді. 

 

1929 жылы Алматыда ең алғашқы киностудия құрылды. Бұл бүкілодақтық мемлекеттік «Востоккино» (1934-1935 жылдары атауы «Востокфильм» болды) кинотрестінің өндірістік бөлімшесі болды. Лаборотория бөлмесі, редакция студиясы, анимация студиясы, субтитр жасайтын студия сияқты ғимараттар салынды. Осы жерде «Соңғы жаңалықтар» деген жалпы атаумен жаңалықтар беретін бірнеше бейнеролик түсірілді. Мұнан бөлек, қазақтардың өмір-салтының өзгеруі туралы, көшпелі халыққа білім берумен және мәдени ағартумен айналысатын жылжымалы «Қызыл киіз үйдің» қызметі туралы,  Алматыға ең алғашқы поездың келуі туралы және мектептегі оқу-ағарту ісімен таныстыратын қысқаметражды деректі фильмдер түсіріле бастады. Оның ішінде қалың жұрттың ықыласына бөленген, режиссер Виктор Тюриннің түсірген «Түрксіб» деректі фильмі де болды.

«Түрксіб» фильмі прокатқа 1929 жылдың 15 қазанында шықты. Бұл Түркістан өлкесі мен Сібірдің арасындағы темір жол туралы кеңестік үкіметтің үнсіз деректі фильмі еді. Бұл фильмде Қазақстанның оңтүстік-шығысынан Қырғызстанның солтүстігіне дейін созылып жатқан Жетісу өлкесінің дамуында темір жолдың салынуы қандай орасан рөл ойнағаны көрсетілген. Шөл даланы қақ жарып келе жатқан поезды алғаш көрген шөлейт аймақ халқының таңғалысын, темір жолды соққан жұмысшылардың ерік-жігерін көрсеткен бұл еңбек 1920-шы жылдардағы кеңестік деректі фильмдердің ішіндегі ең мықты туындылардың бірі болды. Фильм «ХХ ғасырдың ең мықты 50 деректі фильмі» тізіміне кірген және Гарвард университеті бұл киноны кино тарихындағы ең маңызды фильмдердің бірі деп санап, көруге кеңес берген.

Harvard University's Suggested Film Viewing List: Non-Fiction Films (2012) ➡Сайтқа өту

Егер сіздерге қызықты болса, фильмнің ағылшынша нұсқасын YouTube арнасынан мына сілтеме арқылы көре аласыздар (ағылшын тілінде субтитр берілген)

➡Сайтқа өту

ал түпнұсқасын (орыс тіліндегі субтитрымен) мына сілтеме арқылы көруге болады:

➡Сайтқа өту 

Бүкілодақтық мемлекеттік «Востоккино» кинотрестінің Алматыдағы филиалында орталықтан тәуелсіз толыққанды автономиялық киностудия құру жоспарланды. Бірақ 1931 жылы филиалдың өзі жабылып қалды. Оның себебі техникалық базаның жұтаңдығы мен сценаристердің жетіспеушілігі болды. Осындай қиындықтарға қарамастан, 1934 жылы Алматыда жаңа киностудия құрылды. «Кеңестік Қазақстан» киножурналы мен деректі фильмдер тұрақты түрде прокатқа шыға бастады. Ал Мәскеуде кеңес киноларын қазақ тіліне аударатын дубляждау ісі қолға алынды.

Қазақ кинематографиясының гүлденуі

1928 жылы Совкино Д.Фурмановтың аттас шығармасының желісімен «Көтеріліс» фильмін (режиссері С.Тимошенко) экранға шығарды.  ➡Сайтқа өту Бұл Қазақстанда түсірілген ең алғашқы толықметражды көркем фильм болды.

1935 жылы «Мосфильм» киностудиясында И.П.Шуховтың «Өшпенділік» романының желісі бойынша «Жау жүретін жолдар» атты көркем фильм түсірілді  ➡Сайтқа өту

Мұнан бөлек бүкілодақтық мемлекеттік «Востоккино» кинотресті «Жұт» (1931 жыл) және «Қаратау жұмбақтары» (1932 жыл) атты фильмдерді прокатқа шығарды.

1938 жылы «Ленфильмде» түсірілген «Амангелді» (режиссері М.Левин) фильмі ең алғашқы толықметражды қазақ фильмі болып есептеледі. Киноның сценариін В.Ивановпен бірлесіп Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов жазған.

Бұл қазақ жазушыларының көркем кинодағы ең алғашқы жұмысы еді.  ➡Сайтқа өту

Басты рөлде Е.Өмірзақов ойнаған бұл фильм Қазақстанда өте танымал болды және киноны түсірген шығармашылық топ Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің марапатын иеленді.

 «Амангелді» фильмі қазақ даласында ұлт-азаттық көтерілісті бастаған батыр (1916 жылы) Амангелді Иманұлы туралы. Көтерілісті бастаған Амангелді батыр патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соғысып, 1919 жылы әскери комиссар болған. Ақырында контрреволюционерлердің қолынан қаза тапқан. Фильмде бұл сценалар өте қайғылы түрде және шынайы берілген.

Мұнан кейін 1940 жылы режиссер Левин «Райхан» атты тарихи-революциялық фильм түсірді

➡Сайтқа өту 

Кино желісі кеңес уақытындағы қазақ әйелінің еркіндікке ұмтылуы туралы болды.

Революция қазақ халқын феодалдық қанаудан құтқарды деп айтылады. Алайда шалғайдағы таулы аймақтарда әлі де болса билік жер иеленуші байлардың қолында болды. Фильмде таулы аймақтағы бір бай әбден кедейленген жесірді қарызыңның орнына бересің деп қинап, қызы Райханды әйелдікке алады.  

 

Алайда байды жек көрген Райхан одан қашып кетеді. Орыс коммунисі Андрейдің көмегімен ол қалаға оқуға кетіп, бірнеше жылдан кейін ауылына зоотехник маман болып оралады.

Алайда әйелді төмендету позициясы әлі де болса мығым болып, жергілікті малшылардың барлығы Райханның басшы болуына қарсы болады. Райхан мал бағудың жаңаша заманауи тәсілдеріне өтуге малшыларды үгіттей бастайды.

Уақыт өте келе малшылар оның сөзі дұрыс екеніне көзі жете бастайды. Осы кезде қамаудан қашып шыққан бай ауылға қайтып келіп, аттарды үркіту үшін даланың шөбіне өрт қояды.

Үш күн, үш түн нәр сызбаған, ұйқы көрмеген Райхан аттарды іздеп, тауып келеді. Алайда әбден қалжырап келе жатқан Райханның алдынан бай шығып, оны өлтіруге тырысады. Бірақ ауыл тұрғындары уақытында құтқарып қалып, осылайша кино жақсы аяқталады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ киносы

Екінші дүниежүзілік соғыс оты лаулап жатқан кезде 1941 жылы 12 қыркүйекте Алматы киностудиясы құрылды. 1941 жылы 15 қарашада Алматы киностудиясы Қазақстанға эвакуация жасалған, кеңес үкіметінің ең ірі екі киностудиясы «Мосфильммен» және «Ленфильммен» бірікті. Осылайша Біріккен орталық киностудия пайда болды. Бұл киностудия керемет фильмдер түсіріп, 1944 жылға дейін Алматыда жұмыс істеді.


1941 жылдан 1944 жылға дейін Орта Азия мен Сібір жаппай эвакуацияның орталығына айналды. Оның ішінде көптеген мықты ғалымдар мен мәдениет саласының майталмандары бар еді. Қазақстанның Алматы қаласы да сол орталықтардың бірі болды. Театр қайраткерлері, опера мен балет әртістері және көптеген мықты ғалымдар мен мәдениет саласының майталмандары соғыс өртінен аулаққа кетіп, Алматы қаласында жиналды. Олармен бірге Алматыға екі ірі киностудия – «Мосфильм» мен «Ленфильм» көшіп келді. Осылайша Алматы уақытша «совет кинематографиясының астанасына» айналды. Атақты «монтаж теориясын» ойлап тапқан және әлемдік кинематографияның дамуына үлкен ықпал еткен режиссер Сергей Эйзенштейн өзінің бітпей қалған «Иван Грозный» трилогиясының бірінші ( ➡Сайтқа өту ) және екінші ( ➡Сайтқа өту )  бөлімдерін Алматыдағы Бірлескен орталық киностудияда түсірді. Атақты орыс және кеңес композиторы Сергей Прокофьевтің «Иван Грозный» фильмінің түсіріліміне қатысты да айтпай кетуге болмайды. Прокофьев те Эйзенштейн сияқты Алматыға эвакуациямен келген еді. Ол  осы фильмнің музыкасын жазды. Кейін атақты Чаплиннің өзі фильмнің музыкасына өте жоғары баға берген.

Алматыдағы киностудияда соғыс кезінде «Шошқа бағушы мен шопан» музыкалық комедиясының түсірілімі аяқталды.

( ➡Сайтқа өту ) 1941 мен 1944 жылдар аралығында Алматы киностудиясында совет фильмдерінің 80%-ы түсірілген немесе жалғасы түсірілген деп айтылады. 


Алматыдағы Біріккен орталық киностудияда түсірілген кинолардың ішінде Қазақстан тақырыбы қозғалған «Ақ раушан» комедиясы (реж. Ефим Арон), «Дала батырлары» (екінші атауы «Алып туралы ән») ( ➡Сайтқа өту )  фильмі мен «Домбыра сарыны» концертінің кинотүсірілімі бар ( ➡Сайтқа өту ) Соңғы аталған жұмыс жарқын ойын-сауық элементтеріне толы болды. Ол жерде ән, күй, бимен қатар қазақстандықтар мен Қазақстанға эвакуациямен келген адамдардың арасындағы пікір алмасу өте қызықты қылып берілген. Осының өзі бұл фильмді қайталанбас ерекше жұмыс ретінде танытып, сол кездегі Қазақстанда қалыптасқан ахуалды жақынырақ сезінуге мүмкіндік береді. 

1944 жылдың 25 қаңтарында Алматы киностудиясы Алматы көркем және деректі фильмдер киностудиясы болып өзгерді. Ал 1945 жылы соғыс аяқталған кезде «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары эвакуация орнын тастап, Москва мен Ленинградқа оралды. Осылайша Алматы киностудиясы өз бетінше өндірістік қызметін бастады. Осы уақытта қазақ киносының жаңа парағы ашылды деп айтуға болады.

Соғыстан кейінгі Қазақ ССР кинематографиясы

Соғыс уақытында Москва мен Ленинградтан келген ұлы қайраткерлермен бірлесіп жұмыс істеу Қазақстанда өте мықты кинематографистердің шығуына ықпал етті. Осындай керемет жағдайда өзіндік ерекшелігі бар кино мәдениеті қалыптасты. Алғашқы фильм Мұхтар Әуезовтың «Абай» романының желісімен түсірілген «Абай әні» (1945, режиссері Григорий Рошаль және Ефим Арон) фильмі болды ( ➡Сайтқа өту )  Қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай туралы түсірілген бұл фильм соғыстан кейін түсірілген ең алғашқы кино еді.

 

1952 жылы прокатқа «Жамбыл» (режиссері Ефим Дзиган) қазақ тілінде ( ➡Сайтқа өту ) фильмі шықты. Әйгілі ақын Жамбыл Жабайұлының образын сомдаған Шәкен Айманов осы фильмнен кейін мықты актер ретінде танылды. Кейін келе ол атақты қазақ режиссеріне айналды. 1954 жылы Шәкен Аймановтың режиссерлығымен түсірілген «Махаббат әні» фильмінен кейін Алматы киностудиясы тұрақты түрде көркем фильмдер түсіруге кірісті.

50-ші жылдары түсірілген кинолардың ішінде жұрттың ықыласына бөленгендері:
"Біз осында тұрамыз" (режиссері Айманов) ( ➡Сайтқа өту )

"Біздің сүйікті дәрігер" (режиссері Айманов) ( ➡Сайтқа өту )

"Дала қызы" (режиссері Айманов и Геккель) ( ➡Сайтқа өту

"Оның уақыты келеді" (режиссері Бегалин) ( ➡Сайтқа өту

"Жерге оралу" (режиссері Бегалин), "Ботакөз" (режиссері Арон) ( ➡Сайтқа өту )

"Біз Жетісуданбыз" (режиссері Ходжиков)  ( ➡Сайтқа өту

"Шабандоз қыз" (режиссері Боголюбов) ( ➡Сайтқа өту

 

Шәкен Айманов түсірген «Біздің сүйікті дәрігер» комедиясы тек қана Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында көрермендердің ықыласына бөленді. Ал фильмнің режиссері және басты рөлді ойнаған Шәкен Айманов орасан зор мемлекеттегі танымал адамдардың біріне айналды. 1959 жылы Бірінші Москва халықаралық кинофестивалінде жан-жақты қабілетті, талантты  Айманов қонаққа келген америкалық актриса Элизабет Тейлормен билеп, екеуінің жұбы бірінші орынды жеңіп алды. 1964 жылы Шәкен Аймановты Ұлыбритания Шекспирдің 400 жылдық мерейтойына шақырды. Ол жерде Айманов театрда Отеллоның монологын оқып, өнер көрсетті. Бұл ағылшын сахнасында Шекспирдің қазақ тілінде ең алғаш қойылуы еді. 

 

1960 жылы 9 қаңтарда Алматы киностудиясы «Қазақфильм» болып атын өзгертті. Кейін келе 1963 жылдың 8-9 қаңтарында Қазақстан кинематографистер одағының бірінші құрылтай съезі болды. Сол жылдың 28 мамырында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті – Қазақ ССР-ның Мемлекеттік киносы құрылды.

60 жылдары Айманов, Бегалин, Қожықовтар 50-жылдары алған қазақ киносындағы басшылық қызметтерін жалғастырды.  Кино түсіретін тақырыптар көп еді, сонымен қатар проблеманы көрсететін әдіс-тәсілдер де күрделене түсті. Мысалы, революция тақырыбы қозғалған фильмдерде контрреволюциялық фигураларды ендігі жерде сатиралық стильде кекетіп-мұқатып түсірмей, оның орнына қиын да трагедиялық тағдырдың құрсауындағы адамның алай-дүлей жан дүниесі мен ішкі күресін суреттеуге тырыса бастады. Жаңа фильмдердегі, «Қилы кезеңдегі» Жүніс бай (реж. Абдулла Карсакбаев) (➡Сайтқа өту) немесе Мұқтар Әуезовтың киномен аттас шығармасының желісі бойынша түсірілген «Қараш-қараш оқиғасындағы» Жарас бай (қырғыз режиссеры Шамшиев, Қазақфильм мен Қырғызфильмнің бірлескен туындысы) сияқты жағымсыз деген кейіпкерлердің образдары осылай сомдалған (➡Сайтқа өту).

Мұнан бөлек соғыс кезінде батырлық танытқан, қазақтан шыққан тұлғаларға арналған керемет биографиялық фильмдер бірінен кейін бірі прокатқа шыға бастады. 
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Мәскеу түбінде неміс әскерінің шабуылын тоқтатып, уақыт ұтқан Кеңес әскерінің офицері, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы мен қазақ-қырғыздан құралған, аты аңызға айналған Панфиловшылар дивизиясы туралы баяндалған «Артымызда Мәскеу» (1967, реж. Мәжит Бегалин) (➡Сайтқа өту) фильмі. 100-ші жеке атқыштар бригадасының пулеметшісі, ұрыс даласында қаза тапқан Мәншүк Мәметованың өмірінің бір күнін бейнелейтін «Мәншүк әні» (1969, реж. М. Бегалин), (➡Сайтқа өту) фильмі.  1944 жылы қаңтарда қоршауда қалған Ленинградты азат ету үшін шайқаста қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры, жас қазақ қызы Әлия Молдағұлова туралы баяндайтын «Мергендер» (1985, реж. Болот Шәмшиев)  (➡Сайтқа өту) фильмі.

Айта кететін бір жәйт, Мәншүк Мәметова «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған тұңғыш қазақ әйелі болды. Мәметова фильмнің режиссеры Бегалинмен бір атқыштар бригадасында соғысқан. «Мәншүк әні» фильмінің сценарийін сол кезде Қазақстанда тұрып, жұмыс істеген көрнекті ресейлік кинорежиссер Андрей Кончаловский жазған және сол кезде Кончаловскийдің әйелі болған Наталья Аринбасарова басты рөлді сомдаған. Фильмде Мәншүктің оған ғашық болған қарулас жолдасы Ежовтың рөлін Кончаловскийдің інісі, Жапонияда да танымал актер және режиссер Никита Михалков сомдады. Айтпақшы, режиссер Бегалин соғыс кезінде ұрыста оң қолынан айрылған. «Мәншүк әні» фильмі 1970 жылы қазан айында Мәскеуде прокатқа шығып, кеңестік кинофестивальдар мен түрлі ұйымдардың марапаттарына ие болды.

Ең танымал фильмдердің бірі режиссер Аймановтың соңғы туындысы «Атаманның ақыры» фильмі. (1970) (YouTube желісіндегі 1-сериясы: ➡Сайтқа өту, YouTube 2-сериясы: ➡Сайтқа өту). Бұл атаман бандысына енген құпия агент Қасымхан Шадяровтың ерлігі туралы фильм. Фильмнің сценарийін «Мәншүк әні» фильміндегідей Кончаловский жазған.

Осы кезеңде түсірілген басты киноларды атап өтетін болсақ:
Қазақ фольклорындағы мұңды махаббат хикаясы туралы «Қыз-Жібек» (1970, реж. Сұлтан-Ахмет Қожықов) (YouTube желісіндегі 1-серия: ➡Сайтқа өту, 2-ші YouTube сериясы: ➡Сайтқа өту) фильмі;
«Менің атым Қожа» (1963 ж., реж. Ә. Қарсақбаев және Т. Дүйсебаев), ақылды тентек 12 жасар Қожаның шытырман оқиғалары туралы балаларға арналған көңілді фильм (YouTube: ➡Сайтқа өту );
1918 жылы Қазақстанның шалғай өңірінде болған оқиға және шағын чекистер отрядын басқарған Тоқтар Бәйтеновтің тағдыры туралы жоғарыда аталған «Қилы кезең» фильмі (1966, реж. А. Қарсақбаев) (➡Сайтқа өту);
«Бір ауданда» (1960, реж. Айманов) (YouTube: ➡Сайтқа өту);
«Ән шақыруда» (1961) (YouTube: ➡Сайтқа өту);
«Жол түйісі» (1963) (YouTube: ➡Сайтқа өту);
«Алдар-Көсе» (1964);
«Атамекен» (1966);
«Тақиялы періште» (1968), т.б.

 

Режиссер Шәкен Аймановтың шығармалары күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Ол өзінің фильмдерінде қай заман болса да, қай жерде болса да, қашан болса да ескірмейтін адамзатқа ортақ құндылықтар мен мәселелерді өте нәзік бере білген. «Бір ауданда» фильмі кезінде ауыл игілігі үшін аянбай тер төккен, ал бүгінгі күні болып жатқан жаңа өзгерістермен келісе алмай, іштей қиналып жүрген ауыл старостасы туралы баяндалады. Алғашында жаңашылдыққа қарсы болған ол уақыт өте келе өзінің кейін қалғанын мойындап, прогресс жағына шығады. «Ән шақырады» фильмі күндердің күнінде өз колхозында театр труппасын құруды армандайтын сұлу да еңбекқор қыз Айгүлдің бейнесі арқылы мәдениет пен білімнің ауылға қалай еніп жатқаны баяндалады.

«Жол түйісі» фильмі жапон актрисасы Йоко Цукасаға ұқсайтын қазақ актрисасы Фарида Шарипова ойнаған сұлу дәрігер әйел туралы. Бұл фильм біздің алдымызға адам өмірін сақтап қалу маңызды ма, әлде заңды сақтау маңызды ма деген күрделі сұрақ қояды.
«Алдар Көсе» фильмнің басты кейіпкері Алдар Көсені жапондық жартылай аңызға айналған ұры Незуми Козо мен джентльмен қарақшы Арсен Люпиннің қазақша нұсқасы деуге болады.
«Атамекен» фильмінде қазақ ақсақалы соғыс біткеннен кейін Ленинград түбіндегі зираттан солдат ұлының денесін алып, қазақ даласына жерлеу үшін немересімен бірге сапарға аттанады. Алайда ұлының бейітіне жеткен ол сүйікті ұлының жолдастарымен бірге жерленгенін көріп, ұлының өз Отанында жатқанын түсінеді. Қария мен немересі өздерінің қайғысын халықтың ортақ мұңы деп қабылдап, мәйітті жатқан жерінде қалдыруды ұйғарады.
Осы баяндалған кинолардың өзі-ақ Шәкен Аймановтың 60-шы жылдары түсірілген тақырыптарының ауқымы кең екенін көрсетеді. Режиссер Айманов қазақ кинематография өнерінің атасы мен аңызы деген атқа әбден лайық тұлға.

 

1967 жылы «Қазақфильм» киностудиясында «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» (режиссер А. Хайдаров) атты алғашқы анимациялық фильм түсірілді. Бұл анимациялық фильм жасартатын және өмірлік күш-қуат беретін адам қаны зұлымдықтың бейнесі аждаһаға жетпесін деп қорықпай шайқасқан қарлығаш туралы қазақ халық ертегісінің желісімен түсірілген. Хайдаровтан басқа Ж. Дәненов, Ғ. Қыстауов, А. Әбілқасымов, Б. Омаров, Е. Әбдірахманов және тағы да басқа режиссерлердің есімдері қазақ анимациялық киносының тарихында мәңгілік қалды.
Соғыстан кейінгі Қазақстанда киноиндустрия қарқынды дамыды деуге толық негіз бар. Студиялар жылына 8 толықметражды және 50-ден астам деректі және ғылыми-танымдық фильмдер шығарып отырды.

 

1980 жылдары жаңа перспективалар мен шынайы түсінікті қалыптастыру үшін деректі киноның төмендегідей жауһарлары түсірілді:

"Ашық алақандардың сыры" (режиссер Әбішев) ( ➡Сайтқа өту )

"Мәңгілікке тағзым" (режиссер Машанов) «Прикосновение к вечности» ( ➡Сайтқа өту )

"Кәмшат" (режиссер Сулеева)  ( ➡Сайтқа өту )

"Фотография қажет" (режиссер Пискунов) ( ➡Сайтқа өту )

"Интервал" (режиссер Әзімов) ( ➡Сайтқа өту )

"Қала мен түтін" (режиссер Татенко) ( ➡Сайтқа өту )

"Бұрқақ басындағы көрініс" (режиссер Гонопольский) ( ➡Сайтқа өту )

"Мен өзімді қорғаймын" (режиссер Тюлькин) ( ➡Сайтқа өту )

"Құмшағал хикаясы" (режиссер Вовнянко) ( ➡Сайтқа өту )

"Арал туралы реквием" (режиссер Махмутов) ( ➡Сайтқа өту )

"Жоқтау. Өлі теңіз хроникасы" (режиссер Әзімов) ( ➡Сайтқа өту )

"Полигон" (режиссер Рымжанов) ( ➡Сайтқа өту

 және т.б.

 

Әбішев түсірген «Ашық алақандардың сыры» Маңғышлақ түбегіндегі құнды өнер туындылары – фрескалар мен Шақпақ ата жерасты мешіті туралы баяндайды.

Машановтың 20 минуттық «Мәңгілікке тағзым» деректі фильмі Шагал «Мүсіншілік өнерінің Ван Гогы» деп атаған көрнекті еврей мүсінші Исаак Иткинд туралы баяндайды. Иткинд 1871 жылы Вильнюста (қазіргі Литва) дүниеге келген және Ресей мен Кеңес Одағында ғана емес, Еуропа мен АҚШ-та да танымал болған. Иткиндтің шығармашылығын 1918 жылы оның жеке көрмесін ұйымдастырған кеңес жазушысы Максим Горький ерекше бағалады. Содан бастап Мәскеу мен Ленинградта танымал болған мүсіншінің даңқы әлемді шарлап кетті. Алайда 1937 жылы Эрмитаждағы Пушкиннің 100 жылдық мерейтойынан кейін Иткинд күтпеген жерден «жапон тыңшысы» ретінде тұтқындалып, тергеу мен азаптаулардан кейін Сібірдегі лагерьге, одан кейін Қазақстанға айдалды. 1944 жылға дейін КСРО-да да, шетелде де Иткинд 1938 жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны болып, атылып кетті деп есептелді. Алайда ол өлмеген еді. Ол Алматының шетінде қаңғыбастың күйін кешіп өмір сүрді. Сонда да болса шығармашылықпен айналысып, ағаштан небір мүсіндер жасады. Жергілікті балалар қаңғыбасқа ұқсаған ергежейлі шалдың жасаған мүсіндері шынымен күліп, шынымен жылап тұрған сияқты деп айтып жүрді. Құлақтарына осындай әңгімелер жеткен жергілікті суретшілер оны тауып алып, Инкинд екеніне, оның әлі де болса тірі екеніне көз жеткізді. Алайда бұл кез әлі де болса сталиндік дәуір еді. Сондықтан олар олай емес екеніне әбден көздері жетіп тұрса да, халық жауы аталған адамды ашықтан-ашық қорғауға қаймықты. Осылайша Иткинд тағы да елеусіз қалды. Бірақ 1956 жылы одан «халық жауы» деген ат түбегейлі алынып тасталды да, ол Алматы театрына жұмысқа тұрды.
2 жылдан кейін бір жас суретші театрдың жертөлесіне түсіп, ол жерден небір керемет туындыларды тауып алды. Осылайша Иткиндтың аты қайтадан әлемге жол тартты. Осы кезден бастап қазақ жас өнерпаздары Иткиндтi қорғауды өз мiндеттеріне алды. Қазақстанның партия үкiметi оны баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етті. Тіпті марапат та табыстады. Сөйтіп, Иткинд 98 жасында дүниеден өткенше керемет туындылар дүниеге әкелді. Мүсінші Исаак Иткиндтің туындылары Алматы мұражайында ғана емес, Мәскеудегі Пушкин мұражайында, Санкт-Петербургтегі Орыс мұражайында, сондай-ақ Франция, Германия, АҚШ мұражайларында сақтаулы. Машановтың «Мәңгілікке тағзым» фильмін сол кезде 95 жаста болған Иткиндті бүкіл Кеңес Одағына қайта танытқан туынды десек болады.
 

Сулееваның «Кәмшат» фильмі – тракторшы, механик, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі Кәмшат Дөненбаеваға арналған деректі фильм. 1974 жылы Мәскеуде өткен Бейбітшілік қозғалысының конгрессіне әлемнің түкпір-түкпірінен «бейбітшілік қозғалысының белсенділері» жиналғанда, Кәмшат Қазақ ССР-ының атынан сахнада сөз сөйлеп, «Менің мамандығым – ең бейбіт кәсіп, мен нан өсірумен айналысамын» деді. Фильмде Кәмшат образы ана, жұмысшы, қарапайым қазақ әйелі ретінде әйел режиссердің жып-жылы көзқарасымен өте ерекше берілген.

 

Режиссер Пискунов түсірген «Фотография қажет» фильмі фотосурет адамның бүкіл өмірін көктей өтіп, оны болашақпен байланыстыратынын айтады. Фильмде фотосуретке түсірілген, соғыстан аман өтіп, соғыстан оралған әрбір еркек пен әйелдің өмірі қаншалықты ауыр екені көрсетіледі.

Әзімовтың «Интервал» (1982) фильмі Қазақстандағы қой шаруашылығының күрделі мәселелеріне арналған. Бұл ірі саланың бірі мал шаруашылығы мен жоспарлы экономиканы енгізу арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы туралы. Зауыт тарапынан көліктің жоқтығынан шопандар екі мыңға жуық қойды жайылымнан ет комбинатына жаяу айдап апаруға мәжбүр. Таудан түсу 12 күнге созылады, бұл уақыт ішінде олар шөп, су және азық-түлік жоқ дерлік құрғақ аймақтарды басып өтеді. Осыған байланысты қойлар орта есеппен 5-6 келі салмақ жоғалтады, тіпті ет комбинатына жеткенде де қасапханаға кіру үшін 10 немесе одан да көп күн кезекте тұруы керек. Соның салдарынан қойлар жолдағыдан да қатты арықтап кетеді, өйткені айналада жейтін шөп жоқ. Көлікпен тасымалданатын қойларда да солай болады, өйткені тиеп-түсіру өте ұзақ уақыт алады. Ет комбинатына жеткізілген қойлар қанша күн ішпей-жемей қасапханаға кезек күткеннен, арықтап, жүдеп, біразы өліп те қалады. Фильм осы жағдайлар арқылы үлкен өзгерістер уақыты жақындап қалғанын көрсетеді.

Татенконың «Қала мен түтін» фильмі аты айтып тұрғандай, үш жағынан таулармен қоршалған Алматыдағы ауаның ластану мәселесіне арналған.

Одан әрі Гонопольскийдің «Бұрқақ басындағы көрініс» фильмі 1985 жылы маусым айының соңында Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Теңіз кенішіндегі жарылыс салдарынан 200 метр биіктікке көтерілген, жанып тұрған мұнай от-фонтанымен күрескен адамдар туралы баяндайды. Бұл фильм де қайта құру мен ашықтық уақыты жақындап қалғанынан хабар береді.  Фильмнің атындағы «бұрқақ» сөзі мұнай фонтанын меңзеп тұр.

 

Тюлькиннің «Мен өзімді қорғаймын» (1987) фильмі мүлдем ерекше және жаңа тақырыпқа арналған. Ол армрестлингтен әлем және Еуропа чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы, сонымен қатар 70-80-жылдары алаяқтықпен айналысқан қылмыскер Вячеслав Чиванин туралы әңгімелейді. Оның бірнеше монологы мен берген сұхбатынан-ақ Чиваниннің қайтпас қайсар болмысын көруге болады. Оның қылмыс жасау әдісі «зорлыққа жүгінбей-ақ мақсатқа жету» болды. Мысалы, 1980 жылдары Қырғызстаннан қарақат экспорттауға қатаң тыйым салынған кезде Чиванин полицейлердің тексеруіне ұрынбау үшін Қазақстанға сирек және қымбат жидектерді табытқа салып алып өтудің ерекше әдісін ойлап тапты.
Немесе одан босстың «көзін құртуды» сұрағанда, ол осы боссқа ұқсайтын қол астындағы қызметкерді өлген адам кейпінде көрсетпекші болады. Өлтіруге тапсырыс берген адам оның шынымен өлген-өлмегенін тексермекші болған кезде, Чиванин «мәйітті» оқталмаған тапаншамен атып көрсетіп, соның арқасында көп ақша тапқан. 1987 жылы ол туралы деректі фильм түсіріліп жатқанда, Чиванин алаяқтығы үшін түрмеге жабылды. Бірақ жазасын өтеп шыққаннан кейін, ол армрестлингтен КСРО, әлем және Еуропа чемпионы атанды. 90-шы жылдары ол қылмыс әлемінен мүлде кетіп, импорт көліктер әкеліп сата бастайды. Өзі мейрамхана ашып, оны өзі басқарады. Бірақ 2001 жылы оны бизнес серіктесінің бұйрығымен жалдамалы киллер атып өлтіреді. Тюлькиннің «Мен өзімді қорғаймын» фильмінің арқасында біз Чиванинмен бетпе-бет кездесіп, оның қандай адам болғанын сезіне аламыз.

Режиссер Вовнянко түсірген «Құмшағал хикаясы» деректі фильмі ресми түрде кедей-кепшіктері жоқ деп есептелетін ел – Кеңес Одағында, Құмшағал стансасында қараусыз қалған вагондарда өмір сүруге мәжбүр кедей адамдар туралы. Құмшағал дегеніміз N57 темір жол техникасының тұрағы. Фильм сол кездегі азаматтарға міндетті болған прописка мәселесін көтереді. Міне, біз осылайша әсілінде өз азаматтарын баспанамен қамтуға, білім алуы мен денсаулығын сақтауға кепілдік беретін социалистік мемлекеттің екінші қырын көреміз. 

1988 жылы режиссер Махмұтов түсірген «Арал туралы реквием» фильмі Арал теңізіне арналған. Бұл – мақта мен күріш өсіруге ерекше мән берілген, табиғат ресурстарын жөн-жосықсыз пайдалану нәтижесінде құрғап, шөлге айналған Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы тұзды көл Арал туралы деректі фильм. Фильмді YouTube сайтына режиссердің ұлы Махмұтов жүктеп, төмендегідей сипаттаманы қоса берген: «Бұл фильм менің әкем қатысқан Арал 88 экспедициясының арқасында түсірілген. Онда Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын жөнсіз пайдаланудың кесірінен мақта мен күріш өсіруге басымдық берілген тиімсіз саясаттың салдары талданған. Фильм сонымен бірге экожүйенің бұзылуы сияқты әлеуметтік мәселеге басымдық береді. Кеңес Одағы кезінде бұл деректі фильм қатаң цензураға ілігіп, ешқашан жарыққа шықпаған. Бұл киноның авторы мен режиссеры болған менің әкем үкімет тарапынан үлкен сынға ұшырады. Алайда бұл кадрлар сол кездегі қоғамда үлкен резонанс тудырып, Кеңес өкіметі жасырған мәселелердің кеңінен талқылануына себеп болды.»

Әзімовтің 1990 жылы түсірілген «Жоқтау. Өлі теңіз хроникасы» фильмі де Арал маңындағы қоршаған ортаның бұзылуына арналған. Арал маңындағы қалада дүниеге келген Әзімов жойылып бара жатқан Арал теңізі мәселесін жүрегі езіліп отырып жеткізеді. Бұл оның жеке басының трагедиясы сияқты, автордың жылаған даусы фильм бойы естіліп тұрағандай әсер қалдырады. Бұл деректі фильм 2010 жылы Қазақстанда өткен кинофестивальде марапатқа ие болды. Ал 2011 жылы оның жалғасы «Жоқтау-20 жылдан кейін» фильмінің тұсаукесері өтті.

Рымжановтың «Полигон» (1990) фильмі Семей ядролық сынақ полигонының проблемасын көрсетеді. Бұл – 40 жылда (1949 жылдан 1989 жылға дейін) 456 рет жарылыс жасалған Кеңес дәуіріндегі ең ірі ядролық полигон. Көлемі шамамен Жапонияның Сикоку аралындай, 18 000 шаршы км жерді алып жатқан кең жайылым ядролық сынақ алаңы ретінде пайдаланылды. Полигон ресми түрде Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы 29 тамызда жабылды.

 

Қазақстанның кинематографиялық мәдениетінің тереңдігін көркем фильмдер ғана емес, сонымен бірге көптен бері жұрттың көкейінде жүрген әлеуметтік және экологиялық проблемаларды қозғайтын тамаша деректі фильмдер де көрсетеді.
 

Қайта құру кезеңіндегі қазақ киносы

1980 жылдардың аяғынан бастап 1991 жылғы мемлекеттік төңкеріске дейін Кеңес Одағында КОКП Бас хатшысы Горбачев елдің саяси жүйесін реформалауға кіріскен қайта құру процесі жүріп жатты. Кеңес Одағының құрамында болған 15 республиканың әрқайсысында реформалар толқыны өтіп, халықтың санасы да түбегейлі өзгерді. Кеңес Одағы ыдырауға қарай қадамдап бара жатты. Қайта құру мәдениетке орасан зор әсер етті. Осындай үрдістерден қазақ киносы да шет қалмады.
Қайта құру қазақ кинематографиясына оң әсер етті деуге болады. Қазақстандық фильмдер Францияның Нант қаласындағы халықаралық кинофестивальда, Германиядағы Франкфурт халықаралық кинофестивалінде және Португалиядағы Лиссабон халықаралық кинофестивалінде көрсетілді. Дәл 1988-1990 жылдары кинода «Жаңа қазақ толқыны» деп аталатын кезең басталды.

Сондай фильмдердің бірі – 1988 жылы түсіріліп, прокатқа шыққан Рашид Нұғмановтың «Ине» фильмі (YouTube: ➡Сайтқа өту). Бұл фильм қайта құру дәуіріндегі қазақ киносының ғана емес, жалпы кеңестік киноның алтын ғасырының классикалық үлгісі деуге болады. Фильм Моро есімді жас жігіттің бұрынғы ғашығы Динаға нашақорлықтан арылуға көмектесу үшін күресіп, ақыры дилерлер жалдаған киллердің қолынан қаза тапқаны туралы баяндайды. Зұлымдықпен күресуші бас кейіпкер, «жеке қасқыр» Мороның рөлін аты аңызға айналған «Kино» рок-тобының бас вокалисі, кеңестік роктың негізін салушы, советтің Джеймс Дині және Брюс Лиі атанған Виктор Цой сомдайды. Виктор Цойдың әкесі қазақстандық, ұлты кәріс қарапайым инженер, ал анасы орыс тілі пәнінің мұғалімі болған. Цой Ленинградта дүниеге келген. 20 жасында «Кино» атты рок-тобын құрып, андерграундта өз өнерлерін көрсетіп жүреді. Өзгерістерге ұмтылған бүлікшіл рухқа, бостандыққа және жарқын болашаққа деген үлкен үмітке толы оның әндері, бүкіл Кеңес Одағына «қарақшылық»  жолмен тарап, қайта құру дәуірінде өмір сүрген жастардың әнұранына айналды.
Кеңес дәуірінің «әлеуметтік құбылысына» айналған Виктор Цой 1990 жылы 15 тамызда, небәрі 28 жасында жол апатынан қайтыс болды. Қайтыс болғанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де, оның танымалдығы күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Цойдың туған күні мен қайтыс болған күнінде Санкт-Петербург пен Мәскеуде жастар оны еске алу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырады.

カザフスタン
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту

«Қазақфильм» түсірген «Ине» фильмі бүкіл Кеңес Одағында нағыз хитке айналып, елдегі прокатта екінші орынға шықты. 1989 жылы Виктор Цой «Советский экран» журналының ең үздік ер адам рөлі үшін сыйлығымен марапатталды.
«Ине» фильмі  жас ұрпақтың мұңы, Виктор Цойдың харизмасы, қоршаған ортаның бұзылуынан кеуіп қалған Аралдың бейнесі, фильмдегі саундтректер, соның ішінде «Kино» тобының әндері сияқты жарқын сәттер мен тың ойларға толы туынды болды.

Қазақ кинематографиясының алтын ғасыры туралы айтқан кезде, халықаралық кинофестивальдерде жүлде алған «Жанасу», «Адамдар арасындағы қасқыр», «Ғашық балық» фильмдерін айтпай кетуге болмайды.


Аманжол Айтуаровтың Франциядағы Нант кинофестивалінде және Италиядағы Сан-Ремо кинофестивалінде жүлде алған «Қауышу» ( ➡Сайтқа өту ) фильмі махаббаттың ғажайып күші туралы және оның екі жүзді қылыш секілді кез-келген уақытта қайғы әкелуі мүмкін екені туралы айтады.


Талғат Теменовтың «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмі ( ➡Сайтқа өту )  10 жасар бала мен қасқырдың бөлтірігі арасындағы достық туралы. Фильм адамзат қоғамы мен жабайы табиғаттың қатар өмір сүре алмайтыны туралы баяндайды. Фильм Германиядағы Франкфурт кинофестивалінде және Португалиядағы Лиссабон кинофестивалінде жүлделерге ие болды.
Абай Қарпықовтың «Ғашық балық» фильмінде ауылдан қалаға келген жас жігіттің басынан өткен оқиғалары баяндалады ( ➡Сайтқа өту )  Фильмнің премьерасы Нью-Йорктегі Линкольн орталығында өтті.

Қазіргі Қазақстанның айтулы ақындарының бірі Олжас Сүлейменовтің поэзиясы негізінде «Балкон» фильмі (режиссері Қалықбек Салықов)  түсірілді ( ➡Сайтқа өту ) . Бұл фильмді Қайта құру дәуіріндегі қазақ киносының гүлденген кезеңін айқындайтын туындылардың бірі деуге болады.

Виктор Цой басты рөлді сомдаған «Ине» фильмі бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде үлкен танымалдылыққа ие болса, қайта құру дәуірін бейнелейтін кинематографияның шедеврі болып табылатын Салықовтың «Балконы» Қазақстанда жұрттың ықыласына бөленді. Сол себепті де прокатқа шыққаннан кейін 
кинотеатрларда, теледидардан бірнеше рет көрсетілді. Бірақ Қазақстаннан тыс жерде бұл фильмді білетіндер аз. Соған қарамастан, бұл фильм Германияда да, Мәскеу кинофестивалінде де, Түрікменстанда өткен Орталық Азия кинофестивалінде де жүлделі орындарға ие болды. Шетелде де жоғары бағаланып, көп жүлде алған тамаша туынды. Фильм соғыстан кейінгі, 1950 жылдардағы Алматыда тұратын балалар мен жастардың күнделікті өмірін бейнелейді.

(Сурет мына сайттан алынды: ➡Сайтқа өту)

Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде аула мәдениеті жақсы дамыған еді. Аулаларда жасөспірімдер бандасы құрылды, оларға ауладағы жасы үлкендеу беделді адам жетекшілік етті. Бұл фильмнің оқиғасы Двадцатка деп аталатын осындай бір аулада өрбиді. Басты кейіпкер – ата-анасы қайтыс болғаннан кейін әпкесімен бірге тұратын Айдар Сұлтанов деген көшбасшылық қасиеті де, әділдігі де бар бар, поэзияны жан-тәнімен түсіне алатын жас жігіт. Фильмде балалар арасындағы достық пен олардың айналадағы үлкендермен арадағы қарым-қатынасы арқылы сталиндік ұрпақтың қиыншылықтары, күнделікті өмірінің қуанышты сәттері, азаттық арманы мен әділдікке ұмтылысы жан-жақты суреттелген.
Фильмнің қызықты сюжеті мен актерлардың, оның ішінде балалардың ойынымен қоса, София Губайдулина мен Альфред Шнитке сияқты классикалық және заманауи композиторлардың шығармалары қамтылған фильмнің саундтрегі де айтуға тұрарлық.

«Балкон» фильмінен басқа, «Соңғы аялдама» (1989 ж., режиссері Серік Апрымов), «Отырардың күйреуі» (1991, режиссері Ардақ Әмірқұлов) (YouTube желісінде: 1-бөлім ➡Сайтқа өту), «Қайрат» (1991 ж., режиссері Дәрежан Өмірбаев) (YouTube желісінде: ➡Сайтқа өту) сияқты фильмдер де халықтың ыстық ықыласына бөленді.

 «Соңғы аялдама» фильмі 1980 жылдардың екінші жартысында әскери борышын өтеп, туған ауылына оралған Еркен есімді жігіт туралы. Ауыл өмірінде бұрын болмаған келеңсіз жайттардың көбейіп кеткенін көрген Еркен қатты көңілі қалып, ауылдан қалаға кетіп қалады. Серік Апрымовтың (1989) фильмі кеңестік кинематографияда қалыптасқан Қазақстанның бейкүнә ауыл өмірі – ауылшаруашылық жұмағы деген стереотиптерді бұзады.

Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» фильмі (1991) – XIII ғасыр басындағы қазақтың қала мәдениетінің орталығы болған көне Отырар және оны Шыңғыс ханның қалай жаулағаны туралы тарихи фильм.
7 жылда құлдықтан қолбасшыға дейін көтеріліп, мықты жауынгерге айналған Үнжу батыр жасырын Шыңғыс хан әскеріне енеді. Шыңғыс ханның көп әскермен Орта Азияға басып кірейін деп дайындалып жатқанын білген Үнжу Хорезм хандығының халқына төніп келе жатқан қауіп туралы хабар жеткізгісі келеді.

Режиссер Дәрежан Өмірбаев түсірген «Қайрат» фильмі (1991) Алматыға университетке түсуге келген қарапайым жас жігіттің күнделікті өмірін, таза да нәзік сезімдерін суреттейді. Фильмді француз киносының шебері Годар жоғары бағалаған.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ фильмдері

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан ресми түрде тәуелсіздік алды. Тәуелсіз Қазақстанда жекеменшік киностудиялар құрыла бастады.
«Қазақфильм» мемлекеттік компаниясы да өз қызметін жалғастыра берді, оның аясында тарихи тақырыптағы бірқатар туындылар түсірілу жоспарланды.

Алайда, кинопрокат жүйесі талапқа сай жабдықталмаған, заңнамалық база бұлыңғыр, әрі ұзаққа созылған гиперинфляция жағдайында пайда табу қиынға соқты. Сондықтан тәуелсіз жекеменшік студиялардың көпшілігі жабылып қалды. «Қазақфильм» кинофестивальдар мен ат төбеліндей сыншыларға ғана арнап кино түсіреді деген сынның астында қалды. Оның үстіне кино өндірісінің жағдайы мәз болмағандықтан, көптеген режиссерлер Ресей мен АҚШ-қа барып жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Бейберекет өтпелі кезеңді бастан өткерген Қазақстан киносы 2010 жылдан кейін ғана есін жинай бастады.

 

Көркемдігі жоғары «Үндестік сабақтары» (2013, режиссері Эмир Байғазин) (YouTube: ➡Сайтқа өту) және «Қожайындар» (2014, режиссері Әділхан Ержанов) сияқты фильмдер Қазақстан киносының даму көрсеткішіне айналды.
Екінші жағынан, ақша әкелетін ойын-сауық фильмдер түсіріле бастады, Кассадан түсетін ақшаның көлемі тез өсті. Мұндай киноның типтік мысалы ретінде «Қазақша бизнес» (режиссері Әлен Ниязбеков)  комедиялық сериалын айтуға болады. Тележүргізуші және актер Нұрлан Қоянбаев басты рөлде ойнап, өзі сериалдың продюссері болды. 

2016 жылы экранға шыққан «Қазақша бизнес» фильмі (YouTube сайтында: ➡Сайтқа өту) «Америкадағы қазақша бизнес» (2017), «Африкадағы қазақша бизнес» (2019) және «Кореядағы қазақша бизнес» (2019 ж.) деген фильмдермен жалғасты. Олардың барлығы табысты болды деп айтуға болады.
Сонымен қатар, қазақстандық киноиндустрия «Томирис» (2019) (YouTube: ➡Сайтқа өту) сияқты прокатта жақсы қабылданған ең айтулы фильмдердің бірін түсіріп, кино өнерінің жаңа дәуіріне аяқ басты. 

Сілтеме: 

➡Сайтқа өту

カザフスタン

​Қазақстан-Жапония

Жібек жолықауымдастығы

Контактілер

Хатшылық мекен-жайы

Sanei Building 3F, 5-23-7 Shimbashi, Minato-ku, Tokyo 105-0004

Телефон нөмірі

ТЕЛ: 03-3432-2250      ФАКС: 03-6809-2292

bottom of page