
Жапон мәдениеті
ЖАПОН МУЗЫКАСЫ
Бұл бөлімде біз жапонның дәстүрлі музыкасы мен соғыстан кейінгі жапонның танымал музыкасын сөз қыламыз.
Дәстүрлі музыка туралы айтпас бұрын, алдымен шетелдіктер Олимпиада ойындарында бір рет болса да тыңдап көрген «Кимигайо» – Жапонияның мемлекеттік әнұранына тоқталып кетсек.
Егер сіз «Кимигайоны» ешқашан тыңдамаған болсаңыз, мына сілтемені басыңыз
Жапонияның мемлекеттік әнұраны «Кимигайо»
«Кимигайо» Жапонияның мемлекеттік әнұраны ретінде өте танымал. Алайда оның сөзі 10 ғасырдың басында құрастырылған «Кокинвакашю» антологиясындағы танкалардың бірінен алынған. Жинаққа ол мерекелік өлеңдердің үлгісі ретінде енген. Оны нақты қай кезде, кім шығарғаны белгісіз. Бұл әлемдегі әнұрандардың ішінде сөзі ең көне әнұран болып есептеледі. Кейін келе, 1880 жылы Император сарайы министрлігінің Гагаку бөлімі әуенін қайта жазып, немістің музыка мұғалімі Франц Эккерт оны батыс әуеніне лайықтап әрлегеннен кейін жапонның ұлттық әнұраны ретінде бекіген.

«Кимигайоның» сөзі шамамен былай келеді: «Кимигайо (сенің ғұмырың) мыңдаған-сегіз мыңдаған жылдар бойы майда тас жартасқа айналып, оны мүк басқанша созылсын!» Бұл өте ежелгі танка болғандықтан, оның мағынасын түсіну тіпті жапондардың өзіне қиынға соғады. Тіпті мәтінін жатқа айтса да, көптеген адам мағынасын сөзбе-сөз түсіндіріп беруге қиналады. Сонымен қатар, оны мейрам кезінде айтатын өлең, ұзақ өмір тілейтін өлең, махаббат жайлы өлең, императорға мадақ айтатын өлең деп түрліше түсіндіреді. Төменде біз соны бір жүйелеп шықсақ.
«Кокинвакашю» антологиясына енген танканың түпнұсқасында «Вагими (мәртебелім), мыңдаған-сегіз мыңдаған жылдар бойы майда тас жартасқа айналып, оны мүк басқанша тұрыңыз!» деп жазылған.
Ол «Кимигайо (сенің ғұмырың) мыңдаған-сегіз мыңдаған жылдар бойы майда тас жартасқа айналып, оны мүк басқанша созылсын!» болып сәл өзгеріп, Хейан дәуірінен Мейджи деуіріне дейін үйлену тойында құттықтау ән ретінде айтылған. Ал Мейджи дәуірінен кейін оған әуен қосылып, кейіннен ұлттық әнұранға айналды.
Егер де біз тарихи және саяси астарын алып тастап, жәй ғана өлеңнің мағынасына мән беретін болсақ, онда түсіндірмеде айырмашылық туындайтыны негізінен екі тұста сияқты:
◎ «Кими» сөзінің түсіндірмесі
◎ «Коке но мусу маде» тіркесінің түсіндірмесі
«Кими» дегенді «Ұлы мәртебелі император» деп алған дұрыс па, әлде «мырза», «қожайын» немесе «ірі тұлға» ретінде жалпылама мағынада түсінген дұрыс па? Жапонның ежелгі Ямато тілінде «ки» ер адамды, «ми» әйел адамды білдіретіндіктен, «ер мен әйел» деген мағына деп алған жөн бе? Бұл сөздің түсіндірмесі мен ашықтауы да сан алуан. Осы айтылған түсіндірмелердің барлығы да дұрыс деп санаймыз. Алайда өзімізге бұған дейін белгісіз болған, жаңаша бір позиция ұсынатын интерпретацияны тереңірек қарастырсақ дейміз.
Ол жапонның ежелгі Ямато тілінде «ки» ер адамды, «ми» әйел адамды білдіретіндіктен, «ер мен әйел» деген мағына деген түсіндірме.
Коджикиде кездесетін құдайлардың ішінде еркек құдай Изана«ки»номикото және әйел құдай Изана«ми»номикото бар. Олар жыныс айырмашылығымен дүниеге келген алғашқы құдайлар болып есептеледі. Осы кезден бастап ер адамдарды «ки», ал әйел адамдарды «ми» деп атай бастаған-мыс. Олар құдай болғанымен, Идзанаки-но микото мен Идзанами-но микотоның әрқайсысының өзіне тән «артықшылығы» мен «кемшілігі» болды. Сондықтан олар кемел болып есептелмеді. Осылайша олар бір-бірінің кем-кетігін толықтыру үшін, дүниеге бала әкелмек болды. Осылай істеу арқылы олар кемелдікке жетеміз деп ойлады. Ол екеуінің қосылғанынан Жапонияның ұлттық территориясына айналған аралдар пайда болды.
«Кимигайо» дегенді «еркек пен әйел әлемі» деп түсіндіретін адамдар бұл жері «бір-бірін жақсы көріп, бір-бірін құрметпен сыйлап, бір-бірінің кем-кетігін толықтырып, бірге кемелдікке ұмтылатын ер мен әйелді білдіреді» деп есептейді. Осылайша «ер мен әйел бір-бірін сүйеп-қолдап өмір сүретін мына дүние» деген интерпретация шығады.
Ал «чийони ячийони» (мыңдаған-сегіз мыңдаған жылдар) деген жеріне қатысты ондай түрлі түсіндірме жоқ. 1000 жыл, 8000 жыл деген сөздер жалпы өте ұзақ уақыт, мәңгілік деген мағынаны білдіреді. Әсіресе ежелгі Жапонияда «сегіз» саны санның шексіз көп екенін абстрактілі түрде білдіру үшін қолданылған. Сондықтан да біз бұл жерде «есепсіз көп уақыт» немесе «мәңгілік» деп түсінгеніміз абзал.
Басқаша айтар болсақ, «Еркек пен әйелдің бір-бірін жақсы көріп, қосақтасып, бір-бірін сыйлап, бір-бірін сүйеп сүретін ғұмыры алда 1000, 8000 жылдарға созылсын, мәңгіге жалғассын!» деген мағына шығады.
«Садзаре иши но» мен «ивао то нарите» деген жерінің интерпретациясында да анау айтқандай үлкен айырмашылық жоқ сияқты. «Садзаре иши» деген сөз әуелде майда тас дегенді білдірген. Иеоглифпен жазса, түсініктірек болады.
яғни «ұсақ» және «тас» деген екі иероглифпен жазылады. Түрлі майда тастар біріге келе үлкен мызғымас тұтас тасқа, яғни жартасқа айналады. Бұл «ивао то нарите». Басқаша айтар болсақ, «Еркек пен әйелдің бір-бірін жақсы көріп, қосақтасып, бір-бірін сыйлап, бір-бірін сүйеп сүретін ғұмыры алда 1000, 8000 жылдарға созылсын, мәңгіге жалғассын. Сосын ер мен әйел қосылып, дүниеге келген бала, ата-ана, туыс болатын жандар бірігіп, ынтымақтасып, бір-бірін қолдап, ештеңеден жеңілмейтін мызғымас ұлы күшке айналсын!» деген мағына болып шығады.
«Коке но мусу маде» деген соңғы жолы да алғашқы жолы сияқты түрліше түсіндіріледі. «Мүк өскенге дейін» дегенді кейбіреулер «мүк басып қалатындай ұзақ уақыт», ұзақ жылдар бойы деп түсіндіреді. Ең көп тараған түсіндірме де осы болса керек.
Алайда мүк деген «туып», «өліп», қайта жерге оралып, одан қайтадан жаңа өмір «пайда болып», біртіндеп жайылатын нәрсе. Сондықтан кейбір адамдар бұл жерін «бала өсіру», «ұрпақ жаю» деп түсіндіреді.
Сонымен бұл өлеңнің мағынасы «Еркек пен әйелдің бір-бірін жақсы көріп, қосақтасып, бір-бірін сыйлап, бір-бірін сүйеп сүретін ғұмыры алда 1000, 8000 жылдарға созылсын, мәңгіге жалғассын. Сосын ер мен әйел қосылып, дүниеге келген бала, ата-ана, туыс болатын жандар бірігіп, ынтымақтасып, бір-бірін қолдап, ештеңеден жеңілмейтін мызғымас ұлы күшке айналсын. Ұрпағымыз да өсіп-өніп, мәңгі жасасын!» болып шығады.
Осы интерпретациялардың арасындағы айырмашылықтарды барынша тыңғылықты түсіндірген сайттың сілтемесін ұсынамыз.
Жоғарыда сілтемесі берілген сайтқа сүйенсек, бұл өлең жолдарын «ғашықтық хаты» деп түсіндірген жағдайда, мағынасын «Екеуіміздің арамыздағы қарым-қатынас майда тастар сияқты жиналып, мүк басқан мызғымас жартасқа айналғандай мәңгілік болсын!» деп қабылдауға болады.
Егер бұл өлең жолдарын «мерекелік құттықтау» немесе «ұзақ ғұмыр тілеу» деп қабылдасақ, мағынасын «Сенің өмірің қиыршық тастардың басы бірігіп, мүк басқан үлкен жартасқа айналғандай ұзақ болсын!» деп түсінуге болады.
Егер мұны «Императорға мадақ айту» деп түсіндірсек, мағынасын «Ұлы мәртебелі императордың билігіндегі әлем, қиыршық майда тастардың басы бірігіп, үлкен жартасқа айналып, оны мүк басқанға дейінгі сансыз ұзақ жылдар бойы гүлдене берсін!» деп ашықтауға болады.

Киотоның синтоистік Камомиоя храмындағы майда тастардан түзілген жартас
Суретті мына сайттан көре аласыздар ➡Сайтқа өту

Қазақстан-Жапония
Жібек жолықауымдастығы