
Жапон мәдениеті
ЖАПОН СПОРТЫ
Жапонияда батыс елдерінен келген бейсбол және футбол сияқты көптеген танымал спорт түрлері бар. Бұл жерде Жапонияның ұлттық спорт түрі саналатын сумомен және жекпе-жек түрлерімен қысқаша таныстырамыз. Сонымен қатар, жалпы халық арасында кеңінен таралған спорт түрлеріне тоқталып өтеміз.
Дзюдо
Эдо дәуірінде самурайлардың өзін-өзі қорғау әдістері ретінде пайда болған дзюдо да ұлттық деп атауға тұрарлық спорт түрі. Дзюдоның әдістерін қолдану арқылы жалаң қолмен-ақ шабуылдардан қорғануға, қарсыласты жеңуге және оны тырп еткізбей ұстап тұруға болады.
Джигоро Кано Мэйдзи кезеңінде дзюдоны спорт ретінде ғана ойлап тапқан жоқ, сонымен қатар ол арқылы адамның кірпіш тәні мен ақыл-ойын, рухын да шыңдау мақсатында Кодокан дзюдосының негізін қалады.
Халықаралық спорт түрі ретінде танымал болған дзюдо 1964 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін ресми спорт түріне айналды.
Күрес 9,1 х 9,1 м көлемді татами төсеніштерінде өтеді және 3 минуттан 20 минутқа дейін созылады.
Дәрежені белдіктің түсі бойынша анықтауға болады. Спортшының дәрежесі өскен сайын белдіктің түсі өзгеріп отырады. Мысалы, жаңадан бастағандар үшін ақ белдік, содан кейін қоңыр белдік, қара белдік және т.б. болып бөлінеді.
Дзюдода қарсыласыңызды әдіс қолданып лақтырсаңыз, қарсыласты тырп еткізбей 30 секунд ұстап жатсаңыз, сіз жеңген болып есептелесіз. Бұл спорт түрінде де әдеп мәселесі өте маңызды. Дзюдода «сыпайылықпен бастап, сыпайылықпен аяқта» деген қанатты сөз бар.

Дзюдоның вай-гоши техникасы
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту

Дзюдоның негізін қалаған Дзигоро Кано
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Карате
Каратенің екі түрі бар. «Дәстүрлі карате (контактсіз карате)», бұл тікелей соққылар жасалмайтын түрі. Оны «Сундоме карате» деп те атайды. Тікелей соққылар жасауға болатын ережемен өтетін түрін «Толық контактілі карате» деп атайды.
Токио 2020 (2021) Олимпиадасында «Дәстүрлі карате» немесе «Сундоме карате» енгізілді.
Айта кететін бір мәселе, каратенің 200-ден астам немесе одан да көп мектебі бар. Бірақ Шотокан-рю, Годзю-рю, Шито-рю және Вадо-рю дәстүрлі каратенің төрт негізгі мектебі болып есептеледі.
Сондай-ақ Киокушинкайкан, Шинкиокушин, Киокушинкан және Сейдокайкан сияқты толық контактілі карате мектептері көп.
Мектептердің көп болуы каратенің тек «спорт» емес, терең «философия» екенін көрсететін керемет бір ерекшелігі деуге де болады. Екінші жағынан осындай мектептер тым көп болғандықтан, оларды ортақ бір жүйеге келтіру қиындық туғызады. Бүкіл әлемде беделі жоғары болғанымен, каратенің Олимпиада ойындарына енбей келгенінің себебі де сол.
2020 (2021) жылы Олимпиаданы өткізетін қаланың артықшылығын пайдаланып, Токио каратені ресми спорттық жарыстардың қатарына қосты. Осылайша каратемен айналысатындардың көптен күткен тілегі орындалды.
Алайда, өкінішке орай, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында ол қайтадан ресми спорттық жарыстан алынып тасталатын болды.
Төменде Жапония Олимпиада комитетінің веб-сайтынан алынған карате туралы материал берілген.➡Сайтқа өту
Карате – Рюкю патшалығы дәуірінде Окинавада пайда болған жекпе-жек өнері. 1920 жылдары Окинавадан Жапонияға еніп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл әлемге тарады.
Каратенің жарысы «ката» және «кумите» болып бөлінеді.
Ката – виртуалды жауға қарсы шабуыл және қорғаныс қимылдарын біріктіретін жалғаспалы әдістер жиынтығы. Ережелер 2019 жылдың қаңтарынан бастап қайта қаралды. Жеңімпазды жеті төреші ұпай беру арқылы анықтайды. Ақтық айқасқа дейінгі сайыстарда әр адам жеке демонстрациялық өнер көрсетеді. Сол бойынша катаны үздік орындағандар финалға өтеді. Финалда да тура осылай балл беру арқылы жеңімпазды анықтайды. Бірақ бірге-бір шығатын форматта өтеді. Көрсетілетін каталарды Дүниежүзілік карате федерациясы (WKF) сертификатталған 102 катаның ішінен таңдап алған.
Кумите – 8 шаршы метрлік алаңда екі каратеші бірге-бір жекпе-жек шығатын жарыс. Олар үстеріне қарапайым ақ кимоно киіп шығады, біреуі қызыл белбеу, екіншісі көк белбеу тағады. Шабуыл жасау кезінде үш түрлі техника қолдануға болады: «шабуыл», «тебу» және «соғу». Шабуылдың мақсаты – қарсыластың соққы жасауға рұқсат етілген жеріне қарқынды шабуыл жасап, соған сәйкес техниканы бақылауда ұстау. Қарсыластың денесінің орта тұсына немесе жоғарғы жағына нәтижелі соққы жасауына байланысты түрлі балл беріледі. Бұл жерде дененің орта тұсы деп ішке, кеудеге және қабырға тұсына жасалған соққыларды айтады. Ал жоғарғы жағы деп адамның басына, бетіне, мойнына жасалған соққыларды айтады.
Каратенің кумитесінде берілетін «иппон» балының дзюдодағыдан айырмашылығы бар. Каратеде иппон берілген кезде жекпе-жек сол жерде аяқталмайды, одан әрі жалғасады. Ал дзюдода иппон берілгенде жекпе-жек аяқталады. Жекпе-жек жүріп жатқан кезде 8 ұпаймен алға шыққан спортшы жеңімпаз атанады немесе 3 минуттық сайыс біткен соң, кімнің ұпайы жоғары болса, сол каратеші жеңген болып есептеледі. Бұл ереже ерлерге де, әйелдерге де ортақ. Үкім шығарудың 4 түрі бар. Спортшы ойыннан бас тартса, ереже бұзса немесе дисквалификацияға ұшыраса, оның қарсыласы жеңімпаз деп жарияланады. Ал егерде екі қарсылас бірдей ұпай жинаса, ұпайды бірінші алған спортшы жеңімпаз атанады.
Мынадай жағдайларда ереже бұзылған болып есептеледі: әдейілеп немесе өзін бақылауда ұстай алмай шектен тыс контактілі соққы жасау, қол, аяқ, буындар, екі бұттың арасы сияқты дененің тыйым салынған бөлігіне соққы жасау, симуляция жасау немесе алған жарақатын әдейілеп асырып көрсету, алаңның сыртына қайта-қайта шығып кете беру, өзін қорғай алмау, шабуыл жасамай қашу, баспен, шынтақпен немесе тіземен шабуыл жасау, т.б.
Ережелер/Маңызды тұстары
Ката
Катадан өтетін жарыстың мәні каратенің әдіс-тәсілдерінің мағынасы мен техникасын барынша дұрыс жеткізе білу. Негізінен күшке, жылдамдыққа, ырғаққа, тепе-теңдікке, күш-қуатқа назар аударылады. Сонымен қатар аяқпен жасалатын қимылдар ман тебудің техникасы, қозғалыстың жалғаспалы реті, соққылардың шапшаң да қуатты болуы және осының бәрін карате техникасының мазмұнын ашатындай әдемі қылып ұсына білу өнері бағаланады. Жасалып жатқан әдіс-тәсілдер виртуалды болса да, қойылым қарсыласпен болып жатқан айқасқа негізделген. Сондықтан жауын жеңуге деген ерік-жігер көрінуі керек. Ең мықты каратешілердің жасаған катасы драмаға толы болады.
Ката виртуалды қарсыласқа қарсы жалғаспалы ретпен жинақталған шабуыл мен қорғаныстан тұрады. Бір көрсетілген катаны сол жарыста қайта көрсетуге болмайды. Сондықтан спортшылар алдын ала раундтардан финалға өту үшін катаның төрт түрін көрсетуі керек. Дегенмен, әр ойыншының өзінің күшті және әлсіз жақтары болады және мықты меңгерген, жоғарғы деңгейде жасай алатын сүйікті каталары болады. Мықты катасын қай кезде көрсететіні спортшының өзі таңдаған тактикасына байланысты. Егер спортшы өзінің сүйікті катасын ерте көрсетіп қойса, содан кейінгі этаптарда деңгейі жоғары мықты қарсылас кездескен кезде ол катасын қайта көрсете алмай қалады. Ал егер мықты ойнайтын катасын кейінге қалдырып қойса, финалға жетпей, бастапқы этаптарда-ақ жарыстан шығып қалуы мүмкін. Өзінің бар күш-жігері мен бар мүмкіндігін көрсететін сайыс финалға дейін де болуы мүмкін. Сондықтан қай катаны қай кезде көрсету, ол спортшының стратегиясы мен тактикасына байланысты.

2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері
Киё Симидзу
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту
Кумите
Кумитенің маңызды сәті – шабуыл жасау туралы шешім қабылданған сәт, көз ілеспес жылдамдықпен жасалған қуатты соққылар қарсыластың денесіне сенімді тиюі керек. Техника көзге көрінбейтін жылдамдықпен жүзеге асады, сондықтан біз сол сәтті жіберіп алғымыз келмейді. Дегенмен, кумитенің тартымдылығы мұнымен бітпейді.
Спортшылардың шабуыл жасар алдындағы тактикасына назар аударайық. Қарсыласпен бетпе-бет келгенде, қарсыласқа шабуыл жасамайтын немесе шабуыл жасалса да өзін қорғай алатын позиция «маай» деп аталады. Алайда шабуыл жасау үшін қарсыласқа жақындау керек. Бұл спортшының шабуыл жасай алатын қашықтыққа келгенін және сонымен бірге қарсыласының шабуылына ұшырауы мүмкін екенін білдіреді. Спортшылар ыңғайлы қашықтыққа келген кезде, екі жақ та жылдам әрекеттерге көшеді. Соққылар жебенің жылдамдығындай жылдамдықпен жасала бастайды. Кейде сәтті соққылар жасалып, кейде сәтті қорғанып, кейде қарсы шабуыл арқылы қарсыластың шабуылына шабуылмен жауап беріп жатады. Ең бастысы, ең тиімді сәтті жіберіп алмау.
Кумите – кірпік қақпай көретін жекпе-жек.

2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері
Рютаро Арага
Сурет мына жерден алынды ➡Сайтқа өту

Қазақстан-Жапония
Жібек жолықауымдастығы